ТЖМ Алматы тауларына тез шығу үшін 127 млн теңгенің электрокарын сатып алған

0
121

​Әзірге таудағы құтқару жұмыстарына бір электрокар жеткілікті дейді вице-министр.


ТЖМ Алматы тауларына тез шығу үшін 127 млн теңгенің электрокарын сатып алған

Фото: видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Алматының құтқарушылары үшін сатып алынған қымбат Tesla Cybertruck электрокары туралы түсініктеме берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оның айтуынша, Tesla Cybertruck электрокарының бағасы 127 млн теңге тұрады.

«Біз арнайы техниканы шамамен 127 миллион теңгеге Алматы қаласының әкімдігімен сатып алдық. Бұл техника Медеу мен Шымбұлақ тауларында, яғни күрделі әрі қауіпті аймақтарда жүргізілетін арнайы құтқару жұмыстарына арналған. Алматы қаласының экологиясына қатысты қабылданған шешімге сәйкес, Медеуден әрі қарай, Шымбұлаққа дейін бензинмен жүретін көліктердің қозғалысына шектеу қойылған. Осы талаптарды ескере отырып, құтқару қызметінің үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін осындай электрокар сатып алынды», - деді Тұрсынбаев Мәжіліс кулуарында.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік қаражатқа жауапкершілікпен қарау керек. Сондықтан сапасыз емес, сенімді, ұзақ мерзімге жарайтын, төтенше жағдайда істен шықпайтын, халыққа шынайы қызмет ететін техниканы таңдалған.

«Өздеріңіз білетіндей, Алматы қаласында, әсіресе Шымбұлақ өңірінде туризм қарқынды дамып келеді. Бұл аймаққа әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді, ал олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің тікелей міндетіміз. Қажет болған жағдайда, құтқару жұмыстары халықаралық стандарттарға сай жүргізілуі тиіс. Сондықтан құтқарушылардың даярлығы да, қолданылатын техниканың деңгейі де әлемдік талаптарға сай болуы қажет», - деді ол.

Тұрсынбаев әзірге Алматы тауларына бір электрокар жеткілікті екенін атап өтті.