Түркиялық TAV Алматы әуежайын толық өз бақылауына алды

0
290

2024 жылдың маусымында Алматы халықаралық әуежайының президенті қызметіне түркиялық менеджер Гөкер Косе тағайындалған еді.


Түркиялық TAV Алматы әуежайын толық өз бақылауына алды

Фото: Stan.kz | Айым Атамбаева

ERNUR.KZ. Алматы халықаралық әуежайы енді толықтай түркиялық TAV Airports холдингінің меншігіне өтеді. Компания әуежайдағы қалған 15% акцияны сатып алып, активке толық бақылау орнатты, деп жазады stan.kz.

Qazaqstan Investment Corporation (QIC) мәліметінше, мәміле аясында Kazakhstan Infrastructure Fund иелігіндегі 15% үлес 133 млн АҚШ долларына сатылды.

QIC бұл жобаға 2021 жылы TAV Airports Алматы әуежайын сатып алған кезде қатысып, 30 млн доллар көлемінде үлестік қаржыландыру бөлген. Ол кездегі мәміленің жалпы құны 415 миллион долларға шамалас.

QIC қатысқан кезеңде әуежайда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы:

  • ауданы 53,5 мың шаршы метр болатын жаңа халықаралық терминал;
  • VIP-терминал;
  • инженерлік инфрақұрылым нысандары пайдалануға берілді.
  • Сондай-ақ, бұрынғы жүйеден төрт есе қуатты жаңа жүк өңдеу жүйесі іске қосылды.

2026 жылдың алғашқы алты айында Алматы әуежайы 5,76 миллион жолаушыға қызмет көрсетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 2% өсті. Осы кезеңдегі кіріс көлемі 257,9 миллион доллар болды.

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, жолаушылар санының тұрақты өсуі авиациялық инфрақұрылымды кеңейтуді талап еткен. Соның нәтижесінде жаңа терминал салынып, заманауи багаж өңдеу жүйелері орнатылып, әуежайдың өткізу қабілеті артты. Бұл Алматы әуежайын Азия, Еуропа және Таяу Шығысты байланыстыратын толыққанды өңірлік хабқа айналдырып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген.

Qazaqstan Investment Corporation (QIC) басқарма төрағасының инвестициялық қызмет жөніндегі орынбасары Ғаббас Ержанов Алматы халықаралық әуежайы QIC тарихындағы ең маңызды жобалардың бірі екенін айтты.

“Біз бұл жобаға оның ел үшін стратегиялық маңызын жақсы түсіне отырып кірдік. Әуежай – жай ғана инфрақұрылым нысаны емес, Қазақстанның әлемге ашылатын қақпасы. Қатысқан жылдарымызда әуежай айтарлықтай жаңғыртылып, жаңа деңгейге көтерілді. Жобадан сәтті шығу біздің инвестициялық стратегиямыздың дұрыс таңдалғанын және елдің стратегиялық маңызды нысандарына халықаралық капитал тарта алатынымызды көрсетті”, – деді Ғаббас Ержанов.

Еске салайық, бұған дейін 2024 жылдың маусымында Алматы халықаралық әуежайының президенті қызметіне түркиялық менеджер Гөкер Косе тағайындалған еді. Ол бұған дейін TAV Airports пен Groupe ADP компанияларында авиация және әуежайларды басқару саласында басшылық қызметтер атқарған.