Теміртауда баласымен күресіп жатқан жеткіншекті сүйреп, шапалақтаған әйел 6 айға сотталды

0
113

​Екі баласымен бірге аулада серуендеп жүрген келіншек сот алдынан бір-ақ шықты.


Теміртауда баласымен күресіп жатқан жеткіншекті сүйреп, шапалақтаған әйел 6 айға сотталды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Теміртау қалалық соты баласымен күресіп жатқан жасөспірімді жұлқылап, шапалақтаған әйелдің ісін қарап, шешім шығарған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оқиға биыл маусым айының соңында болса да сот бұл іс туралы ақпаратты енді таратып жатыр. Іс материалдарына сенсек, сотталған келіншек екі баласын алып, есік алдына серуендеуге шыққан.

«Ойын алаңында кәмелетке толмаған бір бала өзінің баласымен күресіп жатқанын көрген ол екеуіне қарай жетіп барған: баласымен күресіп жатқан жеткіншекті мойнынан жұлқылап, ойын алаңының ішінде сүйреп, бетінен шапалақтаған. Осы оқиғаның бәрі камераға түсіп қалған. Әйел адам шапалақтаған баланың миы шайқалып, беті көгеріп қалған», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Келіншек өз кінәсін мойындаған. Ал одан таяқ жеген баланың анасы болса соттан әділ шешім сұраған.

«Сот әйелдің шын жүректен өкінгенін және жас балалары бар екенін ескеріп, жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп тапқан. Осылайша оны Қылмыстық кодекстің 108 бабының бірнеше тармағы бойынша кінәлі деп тауып бас бостандығын шектеді және 6 ай мерзімге пробациялық бақылау белгіледі. Сот әйелдің мүліктік жағдайын негізге ала отырып, жәбірленушінің пайдасына 100 000 теңге моральдық зиян өндірді», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.