Теміртауда 14 жастағы қыз 36 жастағы “жігітімен” бірге тұрған

0
144

Қамқоршылық органдарына қыздың кәмелетке толмағанына қарамастан, бірнеше ай бойы 36 жастағы ер адаммен бірге тұрып жатқаны туралы ақпарат түскен.


Теміртауда 14 жастағы қыз 36 жастағы “жігітімен” бірге тұрған

Фото:Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Теміртауда 14 жастағы қыз 36 жастағы ер адаммен бірге тұрған. Қыздың анасы ата-ана құқығынан айырылды, деп жазады tengrinews.kz.

Қамқоршылық органдарына қыздың кәмелетке толмағанына қарамастан, бірнеше ай бойы 36 жастағы ер адаммен бірге тұрып жатқаны туралы ақпарат түскен. Тексеру барысында қыздың анасы баласының тәрбиесімен айналыспағаны, ішімдікке салынғаны және қызына лайық өмір мен оқу жағдайын қамтамасыз етпегені анықталған.

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қалалық білім бөлімі түсірген талап-арызды қанағаттандырып, әйелді ата-аналық құқықтан айырды. Сондай-ақ, сот оны қызының қажеттіліктері үшін алимент төлеуге міндеттеді.

Іс материалдарына сәйкес, әйел жұмыс істемеген және ата-аналық міндеттерін орындамағаны, ішімдік ішкені және баласының түнде үлкендердің қарауынсыз көшеде жүруіне жол бергені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қыз 14 жасынан бастап 36 жастағы ер адаммен бірге тұрған. 2025 жылғы наурызда ол Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, қазір сол жерде тұрып жатыр.

Сотта қамқоршылық органдарының өкілі мен прокуратура талап-арызды қолдады. Алайда қыз бен оның анасы әйелді ата-аналық құқығынан айырмауды сұрады. Соған қарамастан, барлық жағдайды ескере отырып, сот баланың мүддесін алға қойып шешім шығарды.

"Қазақстан Конституциясы мен Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексіне сәйкес, ата-аналар балаларының денсаулығы мен дамуына қамқорлық жасауға міндетті. Бұл жағдайда сот әйелдің өз міндеттерінен жалтарып, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін анықтады. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ", – деді сот өкілдері.