Қазақстанда әскерге күшпен алып кету дерегі алғаш рет тіркеліп отырған жоқ.
Фото: Stan.kz
ERNUR.KZ. Жамбыл облысынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап кетті. Кадрда әскери киімдегі екі ер адам жас жігітті көлікке күштеп отырғызуға тырысқаны байқалған, деп жазады stan.kz.
Алайда бозбала қатты қарсылық көрсетіп, айғайлап, көліктің төбесіне бірнеше рет әдейі басын ұрып, оны отырғызудан жалтаруға тырысқан. Осы әрекетінен кейін оны босатып жіберген. Жазба авторларының айтуынша, жас жігіт ми шайқалу диагнозымен ауруханаға түскен.
Айта кетейік, Қазақстанда әскерге күшпен алып кету дерегі алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Алматы тұрғындары да шақырылушыларды көшеде, барлардың маңында, компьютер клубтарының жанында ұстап әкетіп жатқанын айтқан. Мұндай жекелеген жағдайлардың видеолары бұған дейін де желіде тараған.
Мысалы, 2024 жылдың сәуірінде Ақтөбеде әскерге шақырылушыны ұстауға талпынған сәт түсірілген видео тарады. Бірақ бозбала қашып үлгерген. Кейінірек облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері бір жасты іздеу жұмыстары бір жылдан астам уақыт жүргізілгенін, сол себепті әскери қызметкерлердің сауда орталықтарының біріне шақыру қағазын табыстау үшін барғанын растады.
Сондай-ақ қараша айында Астанадағы сауда орталықтарының бірінің жанында түсірілген видео жарияланды. Онда бірнеше ер және әйел адамның көлікті тоқтатуға тырысқаны, ал көлік ішінен бір жігіттің жүгіріп шығып, көпшілік арасына кіріп кеткені көрінеді.
Қорғаныс министрлігі бұған дейін мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жоспарлы түрде жүріп жатқанын хабарлаған. Алайда кей азаматтар шақыру қағазын алғанымен, көрсетілген күні келмейді. Мұның басты себебі тіркелген мекенжайында тұрмауы. Егер шақыру қағазын қолына табыстау мүмкін болмаса, полиция өкілдері оларды мәжбүрлі түрде әскери бөлімге жеткізеді.
Вице-министр Сұлтан Камалетдинов қазақстандық жастардың не себепті әскерге барудан қорқатынына қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, кейбіреулер төсекті өз қолымен жинағысы келмейтіндіктен де әскери қызметтен жалтарады.
Еске салайық, бұған дейін 6 маусым күні кешкі сағат 22:00 шамасында Қостанайда жұмысынан қайтып келе жатқан жігітке азаматтық киімдегі үш адам жақындап, оныәскери комиссариатқа күштеп алып кетпек болған. Куәгерлердің айтуынша, олар өздерін таныстырмаған, жігітті заңгерінің келуін күтпей, күш қолданып әкетіп, қызметкерлерге балағат сөздер айтқан. Оқиғаға байланысты Қостанай облысы полиция департаменті қызметтік тергеу тағайындағанын мәлімдеді. Тергеу нәтижесінде полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға берілмек.