Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Фото: Жамбыл облысы ПД
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы полиция департаментінде Тараз қаласының тұрғыны Нұркен Умаровты марапаттау рәсімі өтті. Ол 13 жасар қызды ұрлап әкету әрекетінің алдын алған, деп жазады inbusiness.kz.
Оқиға облыс орталығында болған. Полицияның мәліметінше, белгісіз екі адам автокөлікпен қоғамдық көлік аялдамасынан жасөспірімді алып кетпек болған. Сол сәтте жақын маңда тұрған ер адам араласып, олардың әрекетіне тосқауыл қойған. Оның дер кезінде қимылдауының арқасында күдіктілер қылмыстық ойын соңына дейін жеткізе алмай, оқиға орнынан қашып кеткен.
Кейін олар полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Марапаттау рәсімінде Жамбыл облысы полиция басшысы Қайсар Сұлтанбаев ер адамға ішкі істер министрінің атынан алғыс білдіріп, оның әрекеті батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісі екенін атап өтті.
"Кейде ерлік лауазыммен де, формамен де өлшенбейді. Ол қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдап, көмекке келуден көрінеді. Сіздің жедел әрекетіңіздің арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне қосылған үлес", – деді департамент басшысы.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейне тараған. Кадрларда аялдамадан қызды алып кету әрекеті көрсетілген. Куәгер араласқаннан кейін белгісіз адамдар оқиға орнынан кетіп қалған.


