Баланың даму ерекшеліктері бар болған.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Талдықорғанда із-түзсіз жоғалған баланы іздеу жұмыстары аяқталды. Сейсенбі күні таңертең 7 жасар баланың денесі Қаратал өзенінен табылды, деп жазады tengrinews.kz.
Жетісу облыстық полиция департаменті баланың денесінен зорлық-зомбылықпен өлімнің анық белгілері табылмағанын хабарлады. Оның жоғалу және қаза болу себебін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр
Ведомство қаза тапқан баланың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, ересектерді балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырды.
"Оларды қараусыз қалдырмаңыздар. Ересектердің қырағылығы мен қамқорлығы қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі", - делінген полиция үндеуінде.
Еске сала кетейік, кеше қалада баланы іздеу жұмыстары ұйымдастырылған болатын. Баланың даму ерекшеліктері бар екені атап өтілді. Оның жоғалғаны туралы хабарлама полицияға сағат 19:50-де түскен. Ол кешке үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.
Тұрғылықты жері - "Шығыс" шағын ауданының маңында ауқымды іздестіру шаралары жүргізілді. Іздеуге полиция қызметкерлері, кинология қызметі, ТЖД бөлімшелері мен еріктілер жұмылдырылған.
Олар аулаларды аралап, маңайдағы жерлерді, Қаратал өзенінің бойын және бос жатқан алқаптарды тексерген. Іздеу аймағын кеңейту үшін полицейлер жылувизоры бар дронды пайдаланған.


