Талдықорған маңынан Сақ дәуірінде жасалған алтын сырға табылды

0
63

Соңғы үш жылда Жетісу облысында археологтар ондаған қорғанды зерттеген.


Талдықорған маңынан Сақ дәуірінде жасалған алтын сырға табылды

Фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Талдықорған маңындағы қорғандардың бірінен археологтар сақ дәуіріне тиесілі алтын сырғалар, сүйек пен қоладан жасалған жебе ұштарын, сондай-ақ қамшының сынығын тапты. Қорғанның сәулеттік құрылымы да өзгеше. Зерттеушілердің пікірінше, мұнда ежелгі ақсүйектер жерленген болуы мүмкін. Алайда қорым көне заманда бірнеше рет тоналған, деп жазады Stan.kz.

Соңғы үш жылда Жетісу облысында археологтар ондаған қорғанды зерттеген. Қазба жұмыстары кезінде аң стилінде жасалған әшекейлер, қыш бұйымдар және ежелгі мәдениеттің ізін сақтаған өзге де жәдігерлер табылды.

Тарихи және мәдени құндылығы бар барлық жәдігер облыстық музей қорын толықтырады. Кейін олар көпшілік назарына ұсынылады.

"Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім меңгерушісі Хамит Айтқұлдың айтуынша, үш айға созылған зерттеу жұмыстары барысында бұрын белгісіз болған көптеген тарихи дерек анықталған. Қорған толық зерттеліп, жерлеу орны туралы жан-жақты мәлімет жиналған. Зерттеу нәтижесінде монография да жазылған.

Ал Жетісу облысының тарихи-мәдени мұрасын қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов келесі жылы тағы екі қорғанға археологиялық қазба жүргізу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар аумаққа зерттеу және құжаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Мамандар тарихи ескерткіштердің нақты санын анықтап, олардың қорғау аймақтарын белгілеп, тиісті құжаттарды әзірлемек.