Сұлтан Сарсемалиевтің ісіне қатысты аппеляциялық шағым түсті

0
248


Сұлтан Сарсемалиевтің ісіне қатысты аппеляциялық шағым түсті

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

ERNUR.KZ. 4 адамды қасақана өлтіріп, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сарсемалиевтің ісіне қатысты аппеляциялық шағым түсірілді, деп жазады inform.kz.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шағымды екінші деңгейлі банктердің бірі берген. Сұлтан Сарсемалиев қайынағасын пышақтап өлтіргеннен кейін банк қосымшасы арқылы оның атынан 4 млн теңге көлемінде тауарлы несие рәсімдеген.

Іске нүкте қойылған күні қылмыстық құқықбұзушылықты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар банк төрағасы мен облыс прокурорының назарына тиісті шаралар қабылдау туралы жекеше қаулы шығарылды.

Судья үкімді түсіру кезінде банктің тарапынан жеке тұлғаның қатысуы немесе бейнерастау талап етілмегенін айтқан еді. Сот мұндай қылмысқа жол бермеу үшін банкке және прокурорға тауарлық несиені беру талабын қайта қарау керектігі туралы шешім қабылдады.

Банк қылмыстық істе жәбірленуші тарап ретінде танылған еді. Әзірге банктың не себепті аппеляциялық шағым білдіргені белгісіз.

Облыстық соттың баспасөз қызметі күні бүгінге дейін сотталушы Сұлтан Сарсемалиевтің атынан аппеляциялық шағым түспегенін мәлімдеді.

Еске салайық, ата-енесін және әйелінің бауырларын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сарсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды.