Су тапшылығы тәуекелдерді азайту мақсатында 1840 км ирригациялық канал тазартылды

0
149

2026 жылға Жамбыл облысында 11,8 млрд теңге, Қызылорда облысында 12 млрд теңге, Түркістан облысында 31,5 млрд теңге, Алматы облысында 4,4 млрд теңге, Жетісу облысында 320 млн теңге қарастырылған.


Су тапшылығы тәуекелдерді азайту мақсатында 1840 км ирригациялық канал тазартылды

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын жедел енгізуге қол жеткізу мақсатында инвестициялық шығындарды өтеу және суару суының құнын субсидиялау үшін 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттегі қаржыландыру алдыңғы үшжылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есеге ұлғайтылып, 228,1 млрд теңгені құрады. Оның 89% -ы еліміздің оңтүстігіндегі 5 облысқа тиесілі. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Соның ішінде 2026 жылға Жамбыл облысында 11,8 млрд теңге, Қызылорда облысында 12 млрд теңге, Түркістан облысында 31,5 млрд теңге, Алматы облысында 4,4 млрд теңге, Жетісу облысында 320 млн теңге қарастырылған.

Жалпы, вегетация басталғанға дейін барлық дайындық жұмысы аяқталды. Вегетацияаралық кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында «Қазсушар» филиалдары 1840 км ирригациялық каналға механикаландырылған тазалау жұмыстарын жүргізді, 680 км ирригациялық желі реконструкцияланды және 375 гидротехникалық құрылыс жөнделді.

«Ағымдағы жылы 394 ГТҚ жөндеу және 2200 км-ден астам каналды тазалау жоспарлануда, оның ішінде 968 км қазірдің өзінде тазартылды. Осы міндеттерді іске асыру үшін Министрлік 2025 жылы қаржылық лизинг аясында 576 бірлік арнайы техника сатып алды, оның 144-і каналдарды механикаландырылған тазалау жұмыстарына тартылған. Сонымен қатар Түркістан облысында Қарақуыс және Бәйдібек-ата су қоймаларының құрылысы аяқталуға жақын, олар қосымша шамамен 69 млн текше метр су жинақтауға мүмкіндік береді», – деді спикер.

Сондай-ақ аграршылардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазсушар» филиалдары 181 сорғы агрегатын дайындады, бұдан бөлек ең күрделі учаскелерде пайдаланылатын тағы 92 сорғы сатып алу жоспарда бар. Мысалы, «Достық» мемлекетаралық каналында 8 агрегаттан тұратын 3 сорғы станциясын пайдалану көзделген.

Сонымен бірге тиісті жұмыстар облыстардың коммуналдық кәсіпорындары тарапынан да жүргізілді. Атап айтқанда, бес оңтүстік өңірде 60 гидротехникалық құрылыста жөндеу жұмыстары жүргізілді, 649 км канал механикалық тазартудан өтті, 16 сорғы дайындалды.