​Су ресурстары және ирригация министрлігі: 2026 жылдың басынан бері көршілес мемлекеттермен 38 келіссөз жүргізілді

0
175

Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлесіп, биылғы вегетация кезеңіне Тоқтоғұл су қоймасы мен Үшқорған ГЭС-інің жұмыс режимі келісілді.


​Су ресурстары және ирригация министрлігі: 2026 жылдың басынан бері көршілес мемлекеттермен 38 келіссөз жүргізілді

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері Су ресурстары және ирригация министрлігі көршілес мемлекеттермен 38 келіссөз өткізді. Оның 27-сі Орталық Азия елдерімен, 11-і ҚХР және Ресеймен жүргізілді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлесіп, биылғы вегетация кезеңіне Тоқтоғұл су қоймасы мен Үшқорған ГЭС-інің жұмыс режимі келісілді. Тәжікстан және Өзбекстанмен «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимі және «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы су беру мәселесі келісілді. Ал Қырғызстанмен Шу және Талас өзендері арқылы су беру режимдері екі рет келісілді.
Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволарымен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде биылғы вегетация кезеңінде Шардара су қоймасына түскен су көлемі болжамды көрсеткіштерден асып түсті.
Сонымен қатар былтыр қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісім ратификацияланды.
«Жыл соңына дейін 33 кездесу өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану жөніндегі үкіметаралық келісімді іске асырудың тұрақты тетігіне айналатын Қазақстан-Өзбекстан бірлескен комиссиясын құру мәселесі де қаралады. Сондай-ақ Сырдария өзені бассейніндегі су қоймаларының вегетацияаралық кезеңдегі жұмыс режимдерін бекіту, ресейлік әріптестермен бірлесіп трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі су шаруашылығы балансын әзірлеу және басқа да іс-шаралар жоспарланған», – деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Тамыз айының басында Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан Қазақстандағы алғашқы Су дипломатиясы департаменті құрылды. Жаңа департамент елдің трансшекаралық су объектілері жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін мемлекетаралық комиссияларға қатысуын үйлестіреді, серіктес мемлекеттермен келіссөздер процесін сүйемелдейді, сондай-ақ су саласындағы мемлекетаралық келісімдерді әзірлеу және іске асыру бойынша жұмысты жүргізеді.