Адвокат Алмас Мырқасымбаев өз қорғауындағы сотталушы Дидар Қалиахметке айыптау үкімі дәлелін таппады деп, оны ақтауды сұрады.
Ұлысмедиа коллажы
ERNUR.KZ. Шерзат Полаттың ісі бойынша сот жарыссөзінде сотталушы Дидар Қалиахметтің адвокаттары сөйледі, деп жазады ulysmedia.kz.
Адвокат Алмас Мырқасымбаев өз қорғауындағы сотталушы Дидар Қалиахметке айыптау үкімі дәлелін таппады деп, оны ақтауды сұрады.
Ол бірде-бір адамға жан немесе тән азабын келтірмеген. Сол себепті одан жәбірленушілер талап еткен талапты алып тастауды сұраймын, – деді Мырқасымбаев.
Ал екінші адвокаты Гаухар Баймұханова төбеелес кезінде пышақ, мылтық алып шыққандар жәбірленушілер екенін айта келе жаңаша қылмыстық іс қозғауды өтінді.
Дүкеннен пышақты бірінші болып алып шыққанын ескере келе, Шерзат Полатты, Нұрқанат Ғайыпбаевты, Қаржаубай Нұрымовты қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі бойынша көрсетілген қылмыстық құрамның болуына байланысты қылмыстық іс қозғау туралы жекеше қаулы шығаруды сұраймын. Аталған қаулыны Алматы облысы прокуратурасына жолдауды өтінемін, – деді ол.
Адвокат сол түнгі жанжалдың сылтауы мен себебін зерттеп, жанжалға қатысушылардың әрекеттерін, басқа мән-жайларды анықтау керек деп есептейді.
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған.