Соңғы үш жылда болмаған рекорд: қазақстандықтар желтоқсан айында жаппай үй сатып алған

0
104

Жеке тұрғын үйлер нарығында да өсім бар.


Соңғы үш жылда болмаған рекорд: қазақстандықтар желтоқсан айында жаппай үй сатып алған

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда 2025 жылғы желтоқсан айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 53 мыңнан астам мәміле жасалған. Ұлттық статистика бюросы мұны соңғы үш жылдағы рекордтық көрсеткіш деп атап отыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«2025 жылғы желтоқсан айында тұрғын үйді алып-сату бойынша соңғы үш жылдағы рекордтық көрсеткіш тіркелді – 53 128 мәміле, бір айдағы мәміле саны 32,9% өскен. Қараша айымен салыстырғанда желтоқсанда мәмілелер санының өсімі еліміздің барлық өңірінде байқалды», - делінген хабарламада.

Ең жоғары өсім Маңғыстау (+69,2%), Павлодар (+66,3%) және Ақтөбе (+53,6%) облыстарында байқалған. Мәміле саны бойынша Астана мен Алматы қалалары, сондай-ақ Қарағанды облысы көш бастап тұр. Ал Ұлытау облысында ең аз, небәрі 427 мәміле жасалған. Өңірлерде бір бөлмелі пәтерлер көбірек сатылған.

Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 36,6% өсіп, желтоқсанда барлығы 11 951 мәміле тіркелген. Павлодар облысынан басқа барлық өңірде жеке тұрғын үйлердің сатылымы өскен. Ең жоғары өсім Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген, дейді статистика бюросы.

Жалпы 2025 жылғы желтоқсанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 6,2%-ға артқан. Ол кезде 50 046 мәміле ресімделіпті.