Мамандардың айтуынша, бұл биылдыққа тіркелген алғашқы осындай жағдай.
Фото: Орал Әміренов
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында құрылысқа әкелінген ағаш материалдарынан қара сүген қоңызының дернәсілдері табылды. Нәтижесінде Ресейден әкелінген 30 текше метр қарағай пиломатериалдары толық жойылды, деп жазады inform.kz.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының бас маманы Гүлнар Әубәкірованың айтуынша, фитосанитарлық карантиндік бақылау қауіпті зиянкестердің ел аумағына енуі мен таралуының алдын алуға бағытталған. Сондықтан карантинге жататын өнімдерді әкелу кезінде фитосанитарлық талаптарды сақтау міндетті. Бұл еліміздің фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің мәліметінше, қара сүген қоңызы ағашқа зиян келтіретін аса қауіпті техникалық зиянкестердің бірі. Бұл жәндіктердің 1,5 мың түрі кездеседі. Олар ағаштың қабығын, сүрегін зақымдайды. Әсіресе дернәсілдері ағаш ішінде дамып, орман және ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіреді.


