Жобаны "Отбасы банк" пен жергілікті әкімдік бірлесіп жүзеге асырады.
Фото: primeminister.kz
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында "Шығыс шақырады" атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады, деп жазады inbusiness.kz.
Аймақтық бағдарлама өзге облыстардан шығысқа көшіп келіп, жұмыс істеп тұрақтағысы келетіндерге арналған.
Қатысушылардың өтінімдерін қабылдау және іріктеу 2026 жылы басталады. Оған облыс әкімдігі жауапты. Ал "Отбасы банк" жеңілдетілген несие беруді қамтамасыз етеді.
Бағдарлама шарттары:
- пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%–5,7% аралығында);
- бастапқы жарна – 10%;
- ең жоғары несие сомасы – 20 млн теңге.
Қандай тұрғын үй сатып алуға болады:
- алғашқы немесе екінші нарықтан пәтер;
- құрылыс кезеңіндегі (Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен) құрылыс компаниясынан тұрғын үй;
- жеке үй.
Сатып алынатын жылжымайтын мүлік тек Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасуы тиіс.
Негізгі талаптар:
- Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда ШҚО-да өзіне немесе жалға алған тұрғын үйі болмауы тиіс (жалғыз апатты үй болған жағдайдан басқа);
- Ресми табыс:
- жалдамалы жұмысшылар үшін кемінде 6 ай;
- кәсіпкерлер үшін кемінде 12 ай.
Бағдарламаға жастарды қолдауға арналған "Серпін" жобасының түлектері де қатыса алады. Бұл жобаға Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстарының түлектері кіреді.
Айта кетейік, 2025 жылы тұрғын үй бағасы 15,6%-ға қымбаттаған. 2025 жылдың қарашасындағы деректер Қазақстанның бастапқы тұрғын үй нарығы жаңа кезеңге өткенін көрсетеді.
ШҚО баспасөз қызметінің ақпаратынша, "Шығыс шақырады" жобасы – Шығыс Қазақстанның еңбек нарығын жаңа кадрлармен толықтыруды және ел ішіндегі жұмыс күшінің теңгерімін арттыруды көздейді.
2025 жылдың 1 қазанына дейін облысқа 90 қандас (33 отбасы) және 372 қоныс аударушы (105 отбасы) қабылданған. Бағдарлама нәтижесінде өңірге қоныс аударушылар саны артып, көші-қон квотасын 153 адамға ұлғайту туралы ұсыныс ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданған.


