Дархан Әскентай тергеу кезінде берген жауаптарынан бас тартатынын мәлімдеді.
Фото: ©Tengrinews.kz/Болат Айтмолда
ERNUR.KZ. Талдықорғанда Шерзат Болаттың (Полат) өліміне қатысты іс бойынша айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды. Ол төбелеске қатысты өз нұсқасын айтып берді, деп жазады tengrinews.kz.
Сөзінің басында Дархан Әскентай тергеу кезінде берген жауаптарынан бас тартатынын мәлімдеді.
"Мен толықтай келіспеймін. Себебі алғашқы 24 сағатта бізге қысым көрсетілді. Мен өзім жарақатыма байланысты дұрыс жауап бере алмадым. Бүгін не болғанын, өзімнің істеген әркеттерімді айтуға шешім қабылдадым", – деді айыпталушы.
Дархан Әскентайдың айтуынша, шамамен түнгі сағат 11-де ол "Камажай" дүкеніне сыра мен темекі алуға барған. Қолында жеткілікті қолма-қол ақшасы болмағандықтан, танысына 1000 теңге аударуын сұрап алдын ала қоңырау шалған.
"Дүкеннен шыққанда маған біреу қоңырау шалды, бірақ мен алуға үлгермей қалдым. Телефоным өшіп қалды. Содан дүкеннен қатты алыстамағаннан кейін, қайта барып Каржаубайдан телефон қуаттағыш сұрап, өтініш білдірдім. Ол берді", – деп жалғастырды ол.
"Бекнұр деген бала хабарласыпты: "Аға мен ақшаны салып жібердім, ертең таңертең Олжас екеуміз келеміз дайын отырыңыз" деді. Телефонды өшіріп жатып қарасам, тағы да хабарламалар келіп тұр екен. Соларды қарап жатқанмын. Сол кезде Шерзат ашулы түрмен: "Сен менің әкеме бірдеңе дедің бе, не дегің келіп тұр" деп маған ашуланды. Мен өзім түсінбей қалдым. Жүр болмаса әкеңнен сұрайық, әкеңе ештеңе деген жоқпын дедім. Қарасам қолында кастет бар екен. Үлгерген жоқпын, ұрып жіберді. Мен екі-үш метр шегіндім де, не істеп, не қойғанымды білмей тұрып қалдым".
Сот процесі барысында судья айыпталушыдан неге бұрынғы жауаптарында Шерзаттың қолында кастет болғанын айтпағанын сұрады. Әскентай шок жағдайында болғанын, қорыққанын және қысым көргенін айтты.
Әрі қарай Әскентай сөзін жалғастырып, Шерзат оны кастетпен ұрғаннан кейін дүкеннен Каржаубай шығып, оған беті-қолын жуу үшін су бергенін және ұлына ұрысқанын айтты.
"Мен телефонымды түсіріп алдым деп ойлап, оқиға болған жерге қайтып алуға бардым. Бірақ ол қалтамда болып шықты. Шамамен 100 метрдей жүргенде, үсті-басым терлеп, жағдайым нашарлап кетті. Сол кезде досым Нұрболға қоңырау шалып, мені алып кетуін сұрадым. Мені біреулер ұрып кетті, келіп алып кете аласың ба деп едім, өтінішімді қабылдады. "Қазір келіп алып кетемін" деді", – деді айыпталушы.
Әскентай Шерзаттың әкесі екі рет пышақ алып шыққанын көргенін айтты. Бұл уақытта Әскентай мен Нұрбол дүкеннің алдында тыныш сөйлесіп тұрған көрінеді. Оны ұлы Шерзат тоқтатқанын айтты.
"Не үшін жүгіріп шыққанын, не үшін пышақ алып шыққанын түсінбей қалдым. Өйткені мен ешкімге хабарласып жатқан жоқ едім, ешкімді шақырмадым. Тып-тыныш сөйлесіп тұрғанбыз. Шерзат оны: "Әке болды қойыңыз" деп ажыратып алды. Сол кезде дәлелдейін дедім, түбіртек тұр төлегенімді айттым. Мәселе ақшада болған жоқ, балаңыз мені ұрып жіберді дедім. Ештеңеге қараған жоқ телефонды қолымнан жұлып алды. Телефонымды сұрап артынан дүкенге кірдім, ол телефонымды маған қайтарып беріді. Кейін далаға шыққанда бір көлік келіп тоқтады. Ішінен балалар шықты", – деді Дархан.
Ол сыртқа шыққанда Нұрбол біреумен телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын, сондықтан кедергі болмау үшін көліктің жанына барып күткенін айтты. Сол кезде басқа көліктер келіп, ішінен балалар түскен.
"Олар дүкенге қарай барды, кіретіндері кіріп жатты. Шерзаттар жақта тағы балалр тұрды, солармен амандасты. Біреуі Нұрболдан: "Бұл жақта сен не істеп жүрсің? Кімді ұрды? Не болды? Не жағдай?" деп сұрады. Нұрбол: "Досымды ұрып жіберіпті, соны алып кетуге келгенмін, қазір бәрі жақсы" деп, қайтайын деп тұрғанбыз. Сол кезде Каржаубай дүкеннен пышақпен шығып, бізге оқталды. Пышақпен шыққаннан кейін оны бір бала теуіп жіберді. Нұрбол: "Аға бәрі жақсы, сөйлесіп тұрмыз" деп айтып жатты. Сол кезде бір қарап қалғанымда Шерзат келген балалардың біреуін ұрып жіберді. Солай төбелес басталып кетті", – деді ол.
Дархан Әскентайдың айтуынша, ол төбелеске қатысқан жігіттердің ешқайсын бұған дейін білмеген. Олардың бәрін алғаш рет сол күні көрген. Сондай-ақ, ол Нұрқанатты да танымайтынын айтты.
"Ол неге олай айтты, білмеймін. Ол 1994 жылғы, мен 1993 жылғымын. Ол менің сыныптасым емес", – деді Әскентай.
Сондай-ақ айыпталушы Нұрқанаттың екі рет оқ атқанын көргенін айтты.
"Оның қаруды қайдан алғанын білмеймін, бірақ бірінші рет қорқыту үшін атты. Сосын тағы "Тоқтаңдар! Атамын! Атамын!" деген дауыс шықты. Сосын атты. Қарасам бір бала құлап жатыр екен. Сол кезде адамға тиіп кетті ме деп қорықтым", – деді ол.
Айыпталушы төбелеске қатыспағанын, балаларды ажыратып жатқан кезде басына соққы тигенін, кейін есеңгіреп алшақ кетіп қалғанын айтты.
Сөз соңында ол өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін тағы да мәлімдеді.