Екі ай ішінде 36 тікелей эфир жүргізіліп, 80 сағаттан астам трансляция жасалды.
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. Өткен бейсенбі күні марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот үкімі жарияланған. Жоғары соттың баспасөз хатшысы Перизат Садуакас-Хайруллина екі айға созылған сот процесінің қорытындысын жариялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Бұл процесс – кәсіби өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Үкім оқылған сәт – эмоцияға толы, жүйке мен сабырдың сыналған күні. Бүгін мен осы екі айға созылған жұмыстың қорытындысын шығарғым келеді. Бұл – Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша онлайн-трансляция туралы шынайы репортаж», - деп жазды баспасөз хатшы.
Онлайн-трансляция статистикасы
10 сәуірден бастап 2 ай ішінде:
- 36 тікелей эфир;
- 80 сағаттан астам трансляция;
- 30-дан астам медиа ресурста қайта көрсетілім;
- YouTube-тағы қаралым саны – 1 000 000+.
Көрермендердің жас құрамы:
- 25-34 жас – 37,1%;
- 13-17 жас – 1,5%.
Гендерлік құрам:
- Әйелдер – 58,3%;
- Ерлер – 41,7%.
Қаралым географиясы – 42 ел:
ТОП-5:
- Қазақстан – 87%;
- Өзбекстан – 5,3%;
- Қырғызстан – 1,4%;
- Германия – 0,6%;
- АҚШ – 0,3%.
Үкім оқылған күн: Эфирдегі дағдарыс
«6 маусым — менің кәсіби өмірімдегі ең ауыр күн. Сот үкімі жарияланған кезде камера жанында, айыпталушылардың дәл жанында тұрдым. Арадағы жалғыз кедергі – 3–4 СОБР қызметкері ғана», - дейді Перизат Садуакас-Хайруллина.
Үкім жариялана салысымен залда нағыз хаос басталды:
- Айыпталушылар шыныны ұра бастады;
- Туыстары айқайлап, орындықтарға шығып кетті;
- Адамдар бір-бірін итеріп, топырлап жатты.
«Мен жылдам реакция жасап, трансляцияны дереу өшірдім. Бұл – кәсіби шешім еді. Тіпті, бір сәтте мені таптап кетуі мүмкін еді. Бір адам – айыпталушының әкесі телефонымды тартып алуға тырысты. «Түсірме!» деп айқайлады. Осы сәтте жанымда әріптесім Нұрсұлтан болды. Ол маған көмектесіп қалды», - дейді Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы.
Техникалық команда мен көрінбейтін еңбек
Кейбір көрермен эфирдің шайқалғанын байқаған болар. Оның да өз себебі бар, операторлар камераны қауіпсіз жерге шығарып үлгерді.
Команда мынандай жұмыс атқарды:
- Эфир сапасын қамтамасыз ету үшін алдын ала дайындық жүргізді;
- Камераны қорғай отырып, кадрдың қауіпсіздігін ойластырды;
- Кез келген жағдайға дайын болды.
Бұл – жай ғана YouTube-тағы «play» емес. Бұл – техникалық, логистикалық, ұйымдастырушылық үлкен еңбек, дейді ол.
Қорытынды
«Мен бұл процестің соңында ішкі қанағат табамын деп ойладым. Бірақ... менің ішімде тек үнсіздік пен бос кеңістік қалды. Кейде камера сездіре алмайтын нәрселер бар. Бұл – сондай сәттердің бірі болды.
Әріптестеріме, техникалық қолдау көрсеткен мамандарға, журналистерге және бізге сенім артқан көрерменге шексіз алғысымды білдіремін. Барлығыңызға рахмет. Бұл – командалық еңбек», - деп Перизат Садуакас-Хайруллина сөзін қорытындылады.
Айта кетейік, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат топтық төбелестің құрбаны болды. Оқиға қаладағы «Қамажай» дүкенінің алдында басталған. Жасөспірім бала әкесі Қаржаубай Нұрымовпен бірге сауда жасап жүргенде сыра алуға келген Дархан Әскентаймен қақтығысып қалады. Әскентай бір топ жігітті шақырып, ақыр аяғында олардың арасында үлкен жанжал туып, төбелес болады. Сол жерде жүрген Абзал Шынасыл Шерзат Полаттың жүрек тұсына пышақ сұғып, қалғандары қансыраған баланы анасының көзінше тепкілейді. Оның видеосы желіге жедел тарап, қоғамдық резонанс тудырды. Алматы полиция департаменті іске қатысы бар 11 адамды ұстап, екі айға тергеу изоляторына қамады. Осы іс бойынша 40 сот сараптамасы жасалып, шамамен 200 куәгерден жауап алынды. Елді дүр сілкіндірген қылмыстан кейін Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы орындарын босатты.