Шерзат Болат ісі: 15 және 7 жылға сотталғандар өздерін толық ақтауды талап етті

0
104

​Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталғандар кассациялық шағым түсіріп, толық ақтауды талап етті. Іс 7 сәуірде қаралуы мүмкін.


Шерзат Болат ісі: 15 және 7 жылға сотталғандар өздерін толық ақтауды талап етті

ERNUR.KZ. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған екі азамат үкіммен келіспей, толық ақтауды сұрап отыр, деп жазады baq.kz.

Жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаушы адвокат Мейірман Шекеевтің мәліметінше, кассациялық шағымдарды сотталғандар – Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметов берген.

Адвокат әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінде олардың сот шешіміне қарсылық білдіріп, өздерін толық ақтауды талап еткенін хабарлады. Сонымен қатар, ол тараптың кассациялық шағымдармен жақында ғана танысу мүмкіндігі болғанын атап өтті.

Бұл іс бойынша кассациялық шағымдар түсті. Алайда біз олармен енді ғана таныстық. Соған қарамастан сот отырысы ертеңге (7 сәуірге – редакция ескертуі) белгіленіп отыр, - деді адвокат.

Еске салайық, 2025 жылдың мамыр айында сот үкімі шыққан болатын. Оған сәйкес, 24 жастағы Азамат Тоқтаубаев 15 жылға бас бостандығынан айырылса, Дидар Қалиахметов 7 жылға сотталған.

Қазіргі таңда іс кассациялық тәртіпте қаралуы мүмкін. Соңғы шешімді жоғары сот инстанциясы қабылдайды.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан.

2025 жылғы 5 маусым күні Шерзат Болат ісі бойынша 9 сотталушыға үкім шықты. Жасөспірімнің өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жасөспірім өлімі туралы істі ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды.

Бұған дейін Талғарда Шерзат Болат пен оның ағасына арналған жылдық ас берілгенін жаздық.