Фермерлердің су үнемдейтін жабдыққа қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысы, Астана және Алматы қалаларында жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жабдықтарын өндіретін бес отандық зауыт жұмыс істейді.
ERNUR.KZ. 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру шеңберінде суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған инвестициялық шығындарды субсидиялау көлемі 214 млрд теңге көлемінде жеке бағыт ретінде қарастырылған, бұл алдыңғы үшжылдықтағы көлемнен 4 есе артық. ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім еткендей, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге қарастырылған.
«Сонымен қатар жергілікті бюджет бағдарламаларының әкімшілері инвестициялық субсидияларды қаржыландыру үшін бюджеттік бағдарламалардың жеке кодтарын ашты. Өз кезегінде, Министрлік тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалардың іске асырылуына жыл сайын мониторинг жүргізу жалғасады. Жалпы, суды үнемдеу мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында. Осы мақсатта су тапшылығы тәуекелдері жоғары сақталып отырған оңтүстік өңірлерге көшпелі кеңестер өткізілді. Аталған өңірлерде су тапшылығы тәуекелдері жоғары болып отыр, және суарудың тиімді әдістеріне уақтылы көшу аграрлық сектордың тұрақтылығына әрі елдің су ресурстарын сақтауға тікелей әсер етеді», – деді вице-министр.
Су үнемдеу жұмыстары өнеркәсіп кәсіпорындарын да қамтиды. Мәселен, Су кодексінде өнеркәсіптік кәсірпорындар үшін 7 жыл ішінде айналымдық және қайталама сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу жөнінде міндетті талап көзделген. Енді су пайдаланушылар су ресурстарын пайдалану туралы мәліметтерді, су үнемдеу технологияларын енгізу, өндірістік емес шығындарды азайту, айналымдық және қайта пайдаланатын сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу жоспарының болуы туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
Облыс әкімдіктері 2030 жылға дейін өнеркәсіптік кәсіпорындарда суды қайта пайдалануды арттыру бойынша бекітілген үлгілік жоспарлар аясында тиісті шаралар қабылдауда. Аталған шаралар суды қайта пайдаланудың үлесін 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы шаралар шеңберінде бекітілген кестеге сәйкес өнеркәсіп кәсіпорындар өкілдерімен суды қайта және айналымда пайдалану бөлігінде Су кодексі мен нормативтік-құқықтық актілер талаптарын түсіндіру мақсатында кездесулер өткізілуде.
Сонымен қатар су үнемдеу жүйелерін енгізу жұмыстары тек ауыл шаруашылығы саласында ғана емес, сондай-ақ қалалар мен ірі елді мекендерде де жүзеге асырылуда. Мәселен, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында «Суару жүйелерін, қалалар мен ірі елді мекендерде су үнемдеу технологияларын енгізу» нысаналы индикаторы көзделген. Бұдан бөлек, 2030 жылы қалалар мен ірі елді мекендерде жасыл желектерді суарудың су үнемдейтін технологияларына толық көшу жоспарлануда.


