Сәуір айында қазақстандықтардың шоты айтарлықтай толығады

0
92

Көп ұзамай инфляцияның қысымындағы жүздеген миллиард теңге азаматтардың зейнетақы шоттарына қайта түсе бастайды.


Сәуір айында қазақстандықтардың шоты айтарлықтай толығады

Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

ERNUR.KZ. Инфляция биылғы наурыздың қорытындысы бойынша, Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, жылдық мәнде 11%-ға дейін (2026 жылдың қаңтарында – 12,2%) төмендеді, деп жазады inbusiness.kz.

2026 жылдың 1 наурызында Ұлттық банктің сенімді басқаруындағы зейнетақы активтері 25,87 трлн теңгені құраған. Инфляцияның баяулауы БЖЗҚ активтерінің өсуіне қалай әсер ететінін inbusiness.kz тілшісі талдап көрген еді.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленованың сөзінше, инфляцияның төмендеуі зейнетақы жинақтарының кірістілік көрсеткіштерін тікелей арттырады және активтердің қайта бағалануы есебінен оң әсер береді. Бұл нәтижені азаматтар сәуір айында-ақ сезінуі мүмкін.

– Біріншіден, пайыздық мөлшерлемелерге түсетін қысым азаяды. Инфляция төмендеп жатқан жағдайда Ұлттық банктің болашақта ақша-кредит саясатын жұмсарту мүмкіндігі пайда болады. Бұл өз кезегінде облигациялар бағасының өсуіне алып келеді, ал облигациялар – БЖЗҚ портфелінің негізгі бөлігі. Сондықтан, оң қайта бағалау жүреді, яғни бұрын сатып алынған бағалы қағаздардың құны өседі, – деп түсіндіреді сарапшы.

БЖЗҚ деректеріне сай, тек 2025 жылдың өзінде теңге және шетел валютасындағы қаржы құралдарының теріс қайта бағалануы 500,7 млрд және 166,1 млрд теңгені құрады. Инфляцияның төмендеуі және тәуекелсіз активтердің кірістілігінің азаюы активтердің құнының осындай көлемде оң өсіміне әкелуі ықтимал.

Мұнымен қоса, инфляция төмендеген кезде нақты кірістілік жақсарады. Тіпті, номиналды кірістілік 10-12% деңгейінде қалса да, инфляция 12% болғанда ол іс жүзінде нөлге теңеседі, ал 8-9% болғанда оң көрсеткішке айналады.

Десе де, теңгенің нығаюы немесе оның құбылмалылығының төмендеуі портфельдің валюталық бөлігінің кірістілігін уақытша азайтуы мүмкін, себебі БЖЗҚ активтерінің шамамен 30-35%-ы шетел валютасында көрсетілген.

– Жалпы алғанда, инфляцияның баяулауы – облигациялар құнының өсуіне және зейнетақы жинақтарының нақты кірістілігінің жақсаруына ықпал ететін фактор. Қарапайым тілмен айтсақ, инфляция жоғары болғанда қор номиналды өсім көрсеткенімен, ол баға өсімімен "жойылып кетеді", ал инфляция төмендегенде. тіпті орташа кірістілік те салымшылар үшін нақты пайда әкеледі, – дейді Саида Тілеуленова.

Сонымен қатар, әлемдік нарықта алтын бағасының өсуі экспорттық түсімді және валюталық түсімдерді арттырып, теңгеге түсетін қысымды ішінара төмендетеді. Инфляцияның төмендеуі жай ғана макроэкономикалық жағдай емес, жинақтардың құнсыздануын азайтып, активтердің бір бөлігінің нарықтық құнын қайта бағалау арқылы арттыратын фактор саналады.