Қазақстандықтардың 73,8%-ы Құрылтай сайлауында дауыс беруге ниетті – телефон арқылы жүргізілген сауалнама
фото: ЖИ
ERNUR.KZ. Қазақстандық қоғамдық даму институты 2026 жылғы 21 шілде мен 4 тамыз аралығында азаматтардың электоралды таңдауын анықтау мақсатында республиканың барлық өңірлерінде (Астана, Алматы, Шымкент қалалары және 17 облыс) 1200 респонденттің қатысуымен телефон арқылы екінші сауалнама жүргізді.
Анықталған деректер азаматтардың алдағы сайлау науқанына қазіргі уақыттағы көзқарасын бағалауға мүмкіндік берді.
«Сіз 2026 жылдың 23 тамызында өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуды жоспарлап отырсыз ба?» деген сұраққа респонденттердің 73,8%-ы сайлау учаскелеріне баруға ниетті екенін айтты, 8,1%-ы дауыс беруге қатыспайды, ал 18,1%-ы әлі шешім қабылдамаған.
Шілденің 8-і мен 20-сы аралығында жүргізілген алғашқы зерттеу деректерімен салыстарғанда, азаматтардың сайлауға қатысуының ықтимал белсендігі 2,5%-ға артқан, дауыс беруден бас тартатындардың үлесі 15,2%-ға азайған, ал әлі шешім қабылдамағандар қатары керісінше 1,7%-ға ұлғайды.
Сайлауда дауыс беру жоспары туралы қала тұрғындарына қарағанда ауылдық жерде тұратындар 5,3%-ға жиірек «Иә» деп жауап берген.
Азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігінде респонденттердің жасына байланысты айырмашылық жоқ. Ересек жастағы сайлаушылардың «46 жастан жоғары» сайлауға қатысуға белсенділігі 18-28 жас аралығындағы жастармен бір деңгейде.
Әйелдер ерлерге қарағанда сайлауға қатысатынын 6,2%-ға жиірек растайды. Жоғары білімі бар респонденттер арасында сайлау белсенділігі көбірек тіркелді.
Сондай-ақ зерттеуге қатысушылар алдағы сайлауда қай партияға дауыс бергісі келетінін көрсетті. Респонденттерге «Құрылтай сайлауында Сіз қандай саяси партияға дауыс бересіз?» деген сұрақ қойылды.
Сайлау рейтингінде өзінің көшбасшылық позициясын одан әрі күшейткен «Әділет» партиясы алдыңғы орында тұр, оған респонденттердің 70,2%-ы дауыс беруге дайын. Партия жынысы, жасы, тұрғылықты жері, білімі және этностық ерекшелігі бойынша анықталған барлық негізгі әлеуметтік-демографиялық топтарда бәсекелестерді басып озады.
Екінші топта салыстырмалы түрде ұқсас көрсеткіштері бар партиялар тұр, олардың рейтингідегі айырмашылық статистикалық дәлсіздік шегінен аспайды: «Ауыл» – 5,6%, «Ақ жол» – 4,9%, Respublica – 4,7%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) – 4,5%, Қазақстан халықтық партиясы (ҚКП) – 3,3%, «Байтақ» жасылдар партиясы – 0,8%.
Алдыңғы зерттеу нәтижелерімен салыстырғанда, ЖСДП-дан басқа партиялардың көрсеткіштері аздап өзгеріске ұшыраған.
Осы ретте олардың ықтимал жақтастары құрамы әртүрлі.
«Ауыл» партиясына қалаға қарағанда ауылдық жерлерде 1,6 есе жиі дауыс береді, бұл партияның сайлау науқанында аграрлық және территориялық даму мәселелеріне басымдық беруімен түсіндіріледі.
«Ақ жол» партиясын керісінше, қалалықтар, сондай-ақ 61 жастан асқан респонденттер жиі қолдайды.
«Respublica» партиясы 18-28 жастағы қала жастары мен жоғары білімді респонденттер арасында ең жоғары көрсеткішке ие. Бұл партияларды қолдаушылар құрамында ерлер мен әйелдердің саны шамалас.
Аумақтық-демографиялық бөлініс бойынша ЖСДП-ға дауыс берушілер құрамы біркелкі екені байқалды.
Қазақстан халық партиясына әлі де бірінші кезекте аға буын өкілдері қолдау көрсетеді.
«Байтақ» партиясын көбінесе ауыл тұрғындары мен 61 жастан асқан респонденттер таңдайды.
Респонденттердің 1,5%-ы ғана «бәріне қарсымын» нұсқасын таңдауға ниетті.
Респонденттердің тағы 1,3%-ы өз таңдауын әлі жасамаған немесе нақты жауап беруге қиналды.
Саяси оқиғалар туралы ақпараттың негізгі көзі әлеуметтік платформалар болып қалып отыр, сауалнамаға қатысқандардың 65,4%-ы осы нұсқаны таңдады. Одан кейін – теледидар (22,4%) және жаңалық таратушы интернет-сайттар (14,9%). (жауаптардың жиынтығы 100%-дан асады, себебі респонденттер жауаптардың 2 нұсқасын таңдай алды)
Сайлау науқаны басталғаннан бері теледидардың рөлі алдыңғы зерттеумен салыстырғанда 10%-ға артты. Аудиторияның қызығушылығын арттырған факторлардың бірі теледебаттар мен жаңа тақырыптық бағдарламаларды іске қосу болуы мүмкін.
Ақпарат тарату арналарын таңдау аудиторияның жасына байланысты әртүрлі: 18-28 жастағы респонденттердің 77,5%-ы әлеуметтік платформаларды, 12,9%-ы теледидарды атап көрсеткен, ал 61 және одан жоғары топтағы азаматтардың 51,3%-ы әлеуметтік платформаларды, 37,8%-ы теледидарды атайды. Ауылдық жерлерде теледидардың рөлi қалаға қарағанда жоғары – сәйкесінше, 26,6% және 19,9%.
Зерттеу нәтижелері сайлау науқаны басталғаннан бері азаматтардың электоралды таңдауы қалыптасып келе жатқанын және өзгеріске ұшырауға бейім екенін көрсетті. Азаматтардың сайлауға көзқарасын және олардың соңғы таңдауын айқындайтын факторлардың бірі – партиялардың ақпараттық және жұмылдыру белсенділігі.
Зерттеу Қазақстанның 18 жастан асқан ересек халқының жынысы, жасы, елдімекен түрі және тұратын аймағы бойынша құрылымын көрсететін ұлттық іріктеме бойынша ұйымдастырылды. Сауалнама ҚР ОСК-ның ресми хабарламасына сәйкес ұялы, стационарлық телефон нөмірлері бойынша жүргізілді.
Қазақстандық қоғамдық даму институты деректерді Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 8 шілдедегі №ОСК-11-07/1290 жазбаша хабарламасы бойынша жариялайды.


