​ТҮРКІСТАН: «Қарттарым – қазынам» атты мерекелік іс-шара өтті

0
117

Мерекелік шараға облыстың 500-ден астам зейнеткері мен ардагері қатысты.


​ТҮРКІСТАН: «Қарттарым – қазынам» атты мерекелік іс-шара өтті

Түркістан облысында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған «Қарттарым – қазынам» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, зиялы қауым, еңбек ардагерлері мен өңірдің аға буын өкілдері қатысты. Мерекелік жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров ардагерлерді айтулы күнмен құттықтап, елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетуге қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді.

– Қариясын құрметтеген елдің қазынасы мол. Сіздердің өмір жолдарыңыз бен елге сіңірген еңбектеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Бүгінгі бейбіт өмір мен ел жетістіктерінде сіздердің еңбектеріңіз зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аға буынның айрықша орнын атап өтіп, ардагерлерге құрмет көрсету мен қамқорлық жасауды маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындап келеді. Бұл – халқымыздың ғасырлардан жалғасқан асыл дәстүрі. Аға буынның өнегесін дәріптеп, олардың елге сіңірген еңбегін бағалау – кейінгі ұрпақтың парызы. Сіздер – елдің өткенін бүгінмен жалғап отырған алтын көпірсіздер. Әрдайым ортамызда аман-есен жүріңіздер, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында бір топ ардагер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар аға буын өкілдеріне облыстық мәслихаттың және «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісі, «Құрмет» грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің марапаттары қатарында «Ел ағасы» және «Аялы әже» номинациялары да болды. Сонымен бірге аға буын өкілдеріне Грамота мен Алғыс хаттар табысталды.

Марапаттау рәсімі ардагерлердің ел өміріндегі еңбегін бағалап, олардың қоғамдық белсенділігі мен кейінгі ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі болды. Мерекелік шараға облыстың 500-ден астам зейнеткері мен ардагері қатысты.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов «Ұрпақ сабақтастығы: Ардагерлер өнегесі» тақырыбында сөз сөйлеп, аға буынның ел бірлігін бекемдеудегі және қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері ардагерлерге ақжарма тілектерін жеткізіп, олардың ел тарихындағы орнына тоқталды.

Кездесу соңы мерекелік дастарханға ұласып, қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Бөлісу