Вакцина тоғыз науқаста иммундық жүйе қалыптастырып, аурудың қайталануына жол берген жоқ.
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. Йель университеті мен Гарвард медицина мектебінің Дана-Фарбер онкология институтының ғалымдары бүйректің қатерлі ісіге қарсы бұрын-соңды болмаған вакцина әзірлеп шығарды. Вакцина науқастарға қолданылып, нәтижесінде иммундық жүйе қалыптасқан. Иммундық жүйе қатерлі ісік жасушаларын дереу тауып, бірден жоюға кіріседі. Бұл туралы ScienceAlert жазады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Вакцинаның қабілетін анықтау үшін клиникалық зерттеу жүргізіліп, оған бүйрек-жасушалы карцинома диагнозы қойылған тоғыз адам қатысты. Олардың жетеуіне аурудың III сатысы, екеуіне IV сатысы қойылған. Олардың бәріне өздеріндегі қатерлі ісіктен алынған ақуыздардың бірегей фрагменттері – неоантигендер негізінде әзірленген вакцина егілді.
Науқастарға ота жасалып, қатерлі ісік жасушалары алынып тасталғаннан кейін шамамен үш жыл төрт ай бақылауда болған. Осы аралықта олардың ешқайсысында ауру қайталанбаған. Тоғыз науқастың бәрінде вакцина арқылы иммундық жүйе қалыптасып, ол бірнеше жыл бойы күшін сақтаған. Вакцина жеті науқастың ағзасындағы тірі ісік жасушаларын сәтті таныған.
Бес науқасқа вакцинамен бірге ипилимумаб иммунотерапиялық препараты да тағайындалған. Ал қалған төртеуіне тек вакцина салынған. Ал жанама әсер ретінде жиі байқалғаны – вакцина салынған тұстағы реакциялар мен тұмауға ұқсас уақытша белгілер ғана. Одан асқан асқыну болмаған.
Мамандар зерттеу нәтижелеріне сақтықпен қарау қажет екенін атап өтті.
«Науқастар санының аздығын және бақылау тобының болмағанын ескерсек, аурудың қайталанбауына вакцина себеп болды деп нақты айта алмаймыз. Вакцинаның тиімділігін, қазіргі стандартты емдеу жүйесінен жақсырақ екенін анықтау үшін көбірек пациенттерге қолданып көруіміз керек», – деді зерттеу авторларының бірі Дэвид Браун мен Тони Шуэйри.
Сонымен вакцинаның тиімділігін нақты анықтау үшін ауқымды рандомизацияланған зерттеулер қажет. Олардың бірі – жекелендірілген мРНҚ вакцинасы иммунотерапиямен бірге сынақтан өтіп жатқан INTerpath-004 зерттеуі. Ал зерттеу нәтижелері Nature журналында жарияланған.


