Резонанстық қылмыс бойынша 22 жылға сотталған ақтөбелік үкімді өзгертуге тырысты

0
121

Қылмыс 2024 жылғы 9 маусымда жасалған.


Резонанстық қылмыс бойынша 22 жылға сотталған ақтөбелік үкімді өзгертуге тырысты

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Тонау және кісі өлтіру ісі бойынша 22 жылға бас бостандығынан айырылған Ақтөбе қаласының тұрғыны үкімді жеңілдетуге қол жеткізу үшін Кассациялық сотқа жүгінген, деп жазады zakon.kz.

2026 жылғы 14 сәуірде Соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, қорғау тарапы кассациялық шағымында істі қайта қарауға жіберуді сұраған. Олар сот тергеуі толық жүргізілмегенін және сотта қорғану құқығы бұзылғанын алға тартқан.

Алайда Кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың үкімдерін заңды әрі негізді деп тапты. Себебі марқұмның жеке заттары мен көлігі сотталған адамның қолынан табылған, бейнебақылау камераларындағы жазбалар оқиғаның барысын нақты көрсеткен. Сонымен қатар жәбірленушінің шабуыл кезінде "112" қызметіне қоңырау шалғаны тіркелген, ал ДНҚ сараптамасы сотталған адамның мәйіт маңында болғанын растаған.

Сот қорғау тарапының полиция тарапынан қысым жасалды және іске үшінші тұлғалар қатысқан деген уәждерін дәлелсіз деп таныды.

Нәтижесінде сотталған азамат бұрын белгіленген 22 жылдық жазасын өтеуді жалғастырады.

Айта кетейік, қылмыс 2024 жылғы 9 маусымда жасалған. Ақтөбе тұрғыны Toyota Camry көлігін сатпақ болған әйелді сатып алушы ретінде алдап, адам жоқ жерге шақырған. Сол жерде ол әйелге шабуыл жасап, қауіпсіздік белдігімен тұншықтырған. Кейін жәбірленушінің бетін танылмауы үшін пышақпен зақымдаған. Одан соң алтын алқаны алып, мәйітті бұталар арасына тастап, көлікпен оқиға орнынан қашып кеткен.

Сот үкімімен оған 22 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Бұл іс бойынша "112" қызметінің диспетчері де жауапкершілікке тартылған.