Профилактикалық шаралардың арқасында елде өрт саны азайды

0
100

Төтенше жағдайлар министрлігі жылу беру маусымы кезінде өрттердің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.


Профилактикалық шаралардың арқасында елде өрт саны азайды

ERNUR.KZ. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – тұрғын үйлердегі өрттердің санын азайту, сондай-ақ адамдардың қаза табуы мен жарақат алуына жол бермеу. Республика көлемінде өткізілетін профилактикалық іс-шаралар аясында түрлі практикалық жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, рейдтер ұйымдастырылып, үйлерді аралау, тұрғындармен түсіндіру әңгімелер мен нұсқаулықтар өткізу, интерактивті іс-шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ азаматтарға атаулы көмек көрсету жүзеге асырылуда. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Асқар Төлешов ОКҚ брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, жылыту маусымы басталғалы 1,3 млн-нан астам тұрғын үйді аралап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың қалауы бойынша пештердің және электр желілерінің жағдайы тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді.

«Профилактикалық рейдтердің нәтижесінде 110 мыңнан астам тұрғын үй өртке қарсы қауіпсіз жағдайға келтірілді. Әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлеміз. Олардың үйлерін өртке қауіпсіз күйге келтіру бойынша жан-жақты көмек көрсетілуде. Әкімдіктер мен еріктілердің қатысуымен 2,5 мыңнан астам үйде пеш жөнделіп, қалыпқа келтірілді. Қазіргі таңда 40 мыңнан астам датчик орнатылды. Бұрынғы жылу беру маусымдарында осы датчиктердің уақытылы іске қосылуы шамамен 280 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді», – деді спикер.

Азаматтармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы да белсенді жүргізілуде.

Өрт кезінде қаза тапқан және жарақат алған адамдардың саны азайды. Атап айтқанда, қазіргі жылу беру маусымында 2195 өрт тіркелді, бұл өткен маусыммен салыстырғанда 8%-ға аз. Қаза тапқандар саны 9%-ға төмендеп, жарақат алғандар саны 7%-ға азайды.

Жылыту маусымы жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігі профилактикалық шараларды маусым бойы жүргізеді. Спикер барша азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, өз өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.