Премьер-министр жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша қазақ-қытай келісімдерін жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді

0
82

Қазір Қазақстанда қытайлық инвесторлардың қатысуымен 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жалпы құны $66,4 млрд болатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылуда.


Премьер-министр жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша қазақ-қытай келісімдерін жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді

ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңес өткізді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің таяуда жасаған сапары барысындағы келіссөздері аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Сыртқы істер министрлігі деректері бойынша, қазір Қазақстанда қытайлық инвесторлардың қатысуымен 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жалпы құны $66,4 млрд болатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылуда. ҚХР Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді: 2005-2024 жылдар аралығында инвестиция көлемі $26,4 млрд-ты құрады.

Премьер-министр ҚХР Төрағасының таяуда Қазақстанға жасаған сапары ынтымақтастыққа елеулі серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастық форумының маңыздылығы атап өтілді. Форум аясында Қазақстан мен Қытай арасында жалпы құны $24 млрд-ты құрайтын 58 коммерциялық келісімге қол қойылды.

«Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін кемінде $150 млрд көлемінде шетелдік инвестиция тарту міндетін қойды. Осы тұрғыда жетекші экономикалық державалардың бірі және біздің негізгі инвестициялық серіктесіміз Қытай елімен толыққанды кооперацияны одан әрі тереңдету – Қазақстанның аса маңызды басымдығы. Сондықтан инвестициялар көлемін арттыру, жаңа бірлескен жобаларды іске қосу, әсіресе шикізаттық емес әрі экспортқа бағдарланған өнімдерді өндіру бойынша жүйелі шаралар қажет. Мемлекет басшысының шақыруы бойынша ҚХР Төрағасының Қазақстанға таяуда жасаған кезекті сапары екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің жоғары деңгейін дәлелдеп, одан әрі нығайта түсті. Әрбір жобаның жүзеге асырылуы менің тікелей бақылауымда болады, толық қолдау көрсетіледі», — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Премьер-министр жаңа жобалары жоқ өңірлерде, оның ішінде Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында жұмысты жандандыру қажеттігін баса айтты Олжас Бектенов аталған өңір басшылығына қысқа мерзімде серіктестермен өзара іс-қимыл орнатуды және нақты бастамалар ұсынуды тапсырды.

Ұзақмерзімді серіктестік орнату және инвестиция тарту мақсатында аймақтық делегациялардың Қытай провинцияларына сапарларын жандандыру жөніндегі тапсырманы іске асыруға назар аударылды. Олжас Бектенов ҚХР Төрағасының сапары аясында келісімдерге қол қойып, алдын ала уағдаластықтарды қамтамасыз еткен Астана қаласындағы және Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары сияқты бірқатар өңірдегі оң динамиканы атап өтті. Қалған өңірлерге осы бағытта жұмыс істеу тапсырылды.

Сондай-ақ кеңес барысында «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында өңірлердің қытайлық серіктестермен жасасқан жаңа келісімдерін жүзеге асыру мәселелері қаралды. Мәселен, Алматы облысында «жасыл» энергетика, логистика, АӨК және өнеркәсіп саласындағы жобаларды қоса алғанда, $6 млрд-тан астам соманы құрайтын 7 құжатқа қол қойды. Астана қаласы, Қызылорда және Түркістан облыстары инфрақұрылым, агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында бастамалар ұсынды.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қол қойылған келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыруды, әрбір кезеңде барлық жобаны сүйемелдеуді, сондай-ақ бірыңғай мемлекеттік инвестициялық саясат шеңберінде іс-қимылдарды үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.