Премьер-министр моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді

0
112

Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңес өтті.


Премьер-министр моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді

ERNUR.KZ. Жиынға өңірлер мен моноқалалардың әкімдері, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Президенттің тапсырмасын ескере отырып, моноқалаларды дамытудың жаңа тәсілдері қаралды. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің баяндамалары тыңдалды.

Қазіргі уақытта елімізде шамамен 1,5 млн адам тұратын 20 моноқала бар. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша олардың үлесіне өнеркәсіп өндірісі көлемінің үштен бірінен астамы тиесілі – 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 36,4%-ды құрады.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы моноқалалардың экономикасын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде 78 көрсеткіш негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуға талдау жүргізілді. Индустриалды аймақты құру, жеңілдікпен несиелеу және басқа да жұмыстардың нәтижесінде моноқала мәртебесінен шыққан Саран қаласының оң тәжірибесі ескерілді. Нәтижесінде моноқалалар үш топқа жіктелді, олардың әрқайсысы үшін басым шаралар айқындалды. Олардың қатарында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, өркендеудің жаңа бағыттарын анықтау, IT, АӨК, туризм және ғылым салаларынындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, көлік дәліздері бойындағы сервистік қызметті дамыту, индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыру шаралары бар. Жаңа өндірістік қуатты орнықты жүктеуге бағытталған отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімдер тетігін одан әрі дамытуға және қолдануға ерекше назар аударылды.

Премьер-министр Екібастұз қаласы экономикасын көтерудің және әртараптандырудың орнықты серпінін атап өтті. Бұл ретте 800-ден астам жұмыс орнын аша отырып, құны 138,4 млрд теңге болатын ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске қосу, сондай-ақ индустриялық аймақ қалыптастыру маңызды рөл атқарды.

«Моноқалалар «өсуге ықпал ете алатын» аймақтарға айнала алады. Біз бұған “жасыл” технологиялар мен цифрлы инфрақұрылымның немесе креативті экономиканың даму мүмкіндіктері ретінде қарауымыз керек. Болашақ индустриясы осындай шағын қалаларда бастау алуы керек. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға баса назар аудару қажет. Бұл олардың экономикасын көтеруге және моноқалалар қатарынан шығуына мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта Екібастұз экономикалық құрылымы әртүрлі, көпсалалы қалаға айналуда. Яғни, ол үшін моноқала мәртебесі өзекті емес. Заманауи стандарттарға сәйкес келетін жаңа инфрақұрылымдық саясат құру бойынша жұмысты күшейту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр тұрақты дамудың негізгі шарты жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екеніне тоқталды.

«Ең басты мәселе – моноқалаларға инвесторлар тарту. Біз әрине әрбір қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да әлеуметтік нысандар сала аламыз, бірақ жұмыс болмаса, ешкім ол жақта тұрмайды. Сондықтан инвесторлар тартуымыз керек, оларға қажетті жағдай жасау қажет. Оларға бос тұрған ғимараттарды, жер телімдерін ұсынып, жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау керек. Егер мұндай тәсіл болмаса, онда ешқандай даму болмайды. Сондықтан ең басты мәселе – инвесторлар тарту. Біз қазір Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар екенін көріп отырмыз, бірақ бұл бағытта белсендірек жұмыс істеу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұл ретте бизнесті қолдау жүйесінде жергілікті деңгейде қосымша құралдарды қолдану маңызды. Атап айтқанда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысының маңыздылығы және олардың экспортқа бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.

Жүйелі трансформацияны қамтамасыз ету үшін Премьер-министр бірқатар нақты тапсырма берді. Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдіктері Балқаш және Құлсары қалаларында индустриялық аймақтар құру бойынша жұмысты жеделдетуі тиіс, Ұлытау және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері Сәтбаев пен Хромтау қалаларындағы индустриялық аймақтарды іске қосу бойынша жұмысты күшейтуі қажет.

Облыс әкімдіктерінің алдына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін моноқалаларда шағын өнеркәсіптік аймақтар бағдарламасын іске асыру үшін дайын өндірістік алаңдарды айқындау міндеті қойылды.

«Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін моноқалаларда, оның ішінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттарды кеңінен таратуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Ұлттық экономика, Цифрлық даму, Ауыл шаруашылығы, Туризм және спорт, Ғылым және жоғары білім министрліктері мен облыс әкімдіктері биылғы 1 желтоқсанға дейін нақты инвестициялық жобаларды ескере отырып, моноқалалардағы экономика өсімінің жаңа драйверлерін айқындау бойынша шаралар әзірлеуі қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін моноқалалардағы техникалық мамандар тапшылығын азайту мәселесін пысықтауы керек.

Сондай-ақ Көлік министрлігіне өңір әкімдіктерімен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін ірі көлік дәліздерінің бойында орналасқан моноқалалардағы сервистік қызметті дамыту жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.