Петропавлда соғыс ардагері оқыс оқиғадан кейін көз жұмды

0
222

Ардагермен болған қайғылы жағдай биыл 20 сәуірде болған.


Петропавлда соғыс ардагері оқыс оқиғадан кейін көз жұмды

Василий Макиенко. Фото: СҚО әкімдігі

ERNUR.KZ. Петропавлда 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Макиенко көз жұмды. Ол жолды кесіп өтпек болып жүгіріп шыққан қызбен соқтығысып, ауыр жарақат алған, деп жазады tengrinews.kz.

Соғыс ардагерінің қайтыс болғаны туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі хабарлады.

"Бүгін соғыс ардагері Василий Васильевич Макиенко өмірден өтті. Василий Васильевичтің өмір жолы – бұл ерлік, жанқиярлық пен Отанға адал қызмет етудің үлгісі. Ол майданға 18 жасқа толмай тұрып шақырылған және атқыштар полктерінің, соның ішінде гвардиялық құрамалардың құрамында ауыр жауынгерлік жолдан өтті. Ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған", – деді өңір басшысы.

Оқиғаның мән-жайы

Ардагермен болған қайғылы жағдай биыл 20 сәуірде болған. Василий Макиенко серуендеуге шығып, әдеттегідей көгершіндерге жем беруге бара жатқан. Жол қиылысында ол жүгіріп өтіп бара жатқан тоғыз жасар оқушымен соқтығысып қалған. Ардагер құлап, ауыр жарақат алады.

Макиенко травматология бөлімінде, кейін жансақтау бөлімінде жатқан. Дәрігерлердің күш салғанына қарамастан, ардагердің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Қыз бала кейінірек берген түсініктемесінде қарт кісіні байқамай қалғанын, онымен соқтығысқанын түсінбегенін айтқан. Келесі күні анасы екеуі ауруханаға келіп, гүл ұсынып, Василий Макиенкодан кешірім сұраған. Ардагер оларды кешіріпті.

Тергеу

Оқиғаға байланысты полиция ҚР ҚК 114-бабы – "Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

"Полиция 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Васильевич Макиенконың ауыр жарақат алуының мән-жайын тексерді. 20 сәуірде оның ауруханаға түскені туралы хабар келіп түскен соң, полицейлер болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерінің кешенін жүргізді. Назарбаев пен Мүсірепов көшелерінің қиылысында болған оқиғаның қатысушылары мен куәгерлері анықталды. Куәгерлердің айғақтары мен оқиғаның мән-жайы мұқият зерделенді", – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісіне.

Кәмелетке толмаған қатысушының әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.

"9 жастағы қыз қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмаған", – деп түсіндірді полицияда.