Павлодардағы екі мумияланған мәйіт пен бала: Күдіктілер екі бап бойынша айыпталды

0
145

39 жастағы әйел мен оның 67 жастағы әкесінің мәйіті биыл 13 ақпанда Майқайың кентінде көршілес орналасқан екі жеке үйден табылды.


Павлодардағы екі мумияланған мәйіт пен бала: Күдіктілер екі бап бойынша айыпталды

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Павлодарда Майқайың кентіндегі екі жер үйден табылған әйел мен оның әкесінің мумияланған мәйіттеріне қатысты екі бап бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп жазады stan.kz.

39 жастағы әйел мен оның 67 жастағы әкесінің мәйіті биыл 13 ақпанда Майқайың кентінде көршілес орналасқан екі жеке үйден табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, олардың біреуі шамамен екі жыл бұрын қайтыс болған, ал екіншісі бірнеше ай бұрын көз жұмған.

Бұған дейін полицияға медицина қызметкерлері жүгініп, отбасының бір мүшесі ұзақ уақыт емге келмей, байланысқа шықпай жүргенін айтқан. Дәрігерлерге ешкім есік ашпаған.

Мәйіттердің бірі табылған үйде қарт әйел, оның үлкен қызы және алты жасар немересі тұрған. Кейін әлеуметтік желілерде мәйіттердің суреттері пайда болды. Кішкентай қыз бала бірнеше жыл бойы өз анасының мәйіті тұрған бөлмеде ұйықтаған деген ақпарат тарады.

Сонымен қатар мессенджерлерде кішкентай қыз өзінің әжесіне анасы мен әкесінің мәйіттерін балмен және маймен майлауға көмектескен деген дауыстық жазба тарады. Бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Болған жағдайға қатысты полиция үйдің иесі – қарт әйел мен оның қызының үстінен қылмыстық іс қозғады. Күдіктілері полиция бөліміне жеткізіліп, қажетті сараптамалардан өтуге жіберілді.

“Резонанстық іс қылмыстық кодекстің 314-бабы (Мәйіттерге және жерлеу орындарына зұлымдық жасау) қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) баптары бойынша тергеліп жатыр. Қазір қажетті тергеу шаралары жүргізілуде, оның ішінде сот-психологиялық және психиатриялық сараптамалар, нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаменті.

Қазір екі әйел де психиатриялық диспансерде емделіп жатыр.

Аталған баптар бойынша жаза: айыппұл 3 мың АЕК-тен (шамамен 12 975 000 теңге) басталады немесе 6 жылға дейін қамауға алу.

Күдіктінің 6 жасар немересі тексеру үшін ауруханаға жатқызылды. Бала дәрігерлердің бақылауында болғанда туыстары оның анасы мен атасын жер қойнына тапсырған.

Қазір бала Екібастұздағы “Үміт” балаларды қолдау орталығында. Ол наурыз айынан бастап мектепке дейінгі даярлық сыныбына барып жүр.

“Қыздың психикалық дамуы қалыпты, ол есептей алады және барлық әріптерді біледі”, – дейді мамандар.

Бұған дейін Майқайың кентінің тұрғындары отбасының бөлектеніп, ешкімді үйге кіргізбейтінін айтқан. Тергеу ісі әлі жалғасып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында көрші орналасқан екі үйден ұзақ уақыт бойы жатып қалған екі адамның мәйіті табылғанын жазған едік. Жантүршігерлік жайт туралы алдымен жергілікті пабликтер жазған. Ақпаратқа сәйкес, мәйіт Майқайың кентінен табылған. Табылған адамдардың бірі шамамен екі жыл бұрын, ал екіншісі бірнеше ай бұрын көз жұмған болуы мүмкін.