Павлодарда жүктілігін жасырған қыз сотталды

0
91

Ол өзінің жүкті екенін ата-анасынан және айналасындағылардан жасырып келген.


Павлодарда жүктілігін жасырған қыз сотталды

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Павлодарда ата-анасынан жүктілігін жасырған студент қыз жаңа туған нәрестесін тұншықтырып өлтірген, деп жазады tengrinews.kz.

"Сот кабинеті" материалдарына сәйкес, ол өзінің жүкті екенін ата-анасынан және айналасындағылардан жасырып келген. Былтыр қазанда студенттік жатақхананың жуынатын бөлмесінде қыз сәбиін дүниеге әкелген.

"Босанғаннан кейін бірден сотталушы психологиялық күйзеліс жағдайында баланың жылағаны мен дауысы естіледі деп қорқып, жаңа туған қызын сүлгіге орап, тұншықтырған. Соның салдарынан айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде нәресте көз жұмды", - делінген іс материалдарында.

Сотта қыз өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, ол жігітімен екі жылдан аса уақыт жүрген, алайда жүкті екенін білген соң, жігіт баладан бас тартқан. Студенттің жүкті екенін басқа ешкім білмеген. Ол сәбиді жалғыз тәрбиелеуге дайын болмағанын және туыстарының айыптауынан қорыққанын айтты.

Сот барысында қыздың анасы жәбірленуші ретінде сөз сөйлеп, болған жағдайды топ старостасынан білгенін жеткізді. Жатақханаға келгенде ол қызын ауыр жағдайда көріп, бірден жедел жәрдем шақырған. Нәрестенің денесін полиция қызметкерлері алып кеткен.

Сот процесі қысқартылған тәртіпте өтті: сот айыпталушы мен жәбірленушіден ғана жауап алумен шектелді. Қыздың әрекеті Қылмыстық кодекстің 100-бабы бойынша сараланды - "Психотравмалық жағдайда босанғаннан кейінгі кезеңде анасының жаңа туған баласын өлтіруі". Ауырлататын мән-жайлар анықталмады, ал жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін толық мойындауы, шын жүректен өкінуі, құқықбұзушылықты алғаш рет жасауы және жасы ескерілді.

Сот студент қызды кінәлі деп танып, оған тұрғылықты жерін хабарламай өзгертуге және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салумен бірге екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сондай-ақ, ол жаза мерзімі бойы жыл сайын қоғамдық орындарда 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылатын болады, бірақ күніне төрт сағаттан аспайды.