Павлодарда ер адам досын қорғаймын деп пышақ жарақатынан қаза тапты

0
83

​Қазір сот үкімінің күші жойылды.


Павлодарда ер адам досын қорғаймын деп пышақ жарақатынан қаза тапты

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Павлодарда досын қорғап қалуға әрекет жасаған ер адам пышақ жарақатынан қаза болды. Кінәлі адамға қатысты сот бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған, бірақ кейін бұл үкім күшін жойды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қаза тапқан ер адамның жары Айзада Бисембаева оқиғаның толық мән-жайын баяндады. 30 жастағы Ерғанат 2025 жылы шілде айында Нұрмағанбетова көшесіндегі досының үйінде қонақта болған.

Кешкі сағат 10-нан кейін кетуге дайындалып, көшеде такси күтпек болып тұрған кезде оның досын бірнеше адам ұрып жатқанын көрген. Ерғанат көмекке жеткенмен, бірнеше минуттан соң пышақ жарақатынан сол жерде қаза тапқан.

Қылмыстық іс адам өлтіру фактісі бойынша ашылған, алайда алқабилер сотының шешіміне сәйкес, кінәлі адам өзін қорғау шегін асыра қолданды деп танылды. Оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл шешімге себеп болған жағдай – Ерғанат ұрыс кезінде қолында кілт ұстаған.

Зардап шеккендер мен прокурор бұл үкімге қарсы болып, аппеляциялық шағым түсірді.

«Сот алқасы қаулы етті: 2026 жылғы 19 қаңтарда Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарған үкімнің күшін жойылсын», – деп мәлімдеді Павлодар облыстық сотының сот алқасы.

Сот алқасы бұл шешімді алқабилер құрамындағы заңбұзушылықтарға байланысты қабылдаған. Анықталғандай, екі алқабиге қатысты мәселе болған: бір жағдайда әйел өз жұбайының бұрын сотталғанын жасырған, ал екінші жағдайда ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарламаған. Осы жайттардың өзі үкімнің күшін жоюға жеткілікті деп танылды.

«Әрине, мен әділеттіліктің орнауын қалаймын. Әркім заң бойынша өз әрекетіне жауап беруі тиіс. Әділеттілік орнайтынына сенемін», – деді қаза тапқан Ерғанат Бисембаевтың жары Айзада Бисембаева үкім оқылғаннан кейін.

Қылмыстық іс қайтадан бірінші инстанциядағы сот қарауына жіберіледі.

Айта кетейік, қазір сотталған адам босатылған. Ал марқұм Ерғанат Бисембаевтың артында екі кішкентай баласы қалды, оларды қазір оның жары өзі тәрбиелеп отыр.