Павлодарда демалушылардан заңсыз ақша жинаған жағажайлар анықталды

0
92

Павлодар облысының прокуратурасы жергілікті жағажайлардағы заңсыздықтарды тексерді.


Павлодарда демалушылардан заңсыз ақша жинаған жағажайлар анықталды

ERNUR.KZ. Табиғат қорғау прокуратурасы азаматтардың өтініштері бойынша жағажайларды ұйымдастыру кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді, деп жазады baq.kz.

Прокурорлардың мәліметінше, Екібастұз қаласының Солнечный кентіндегі Шаңдақсор көлі мен Шарбақты ауданындағы Маралды көлінде жағажайларды ұйымдастырушылар жалпыға бірдей пайдаланылатын су қоймаларына кіруді заңсыз шектеген. Олар қоршаулар орнатып, күзет бекеттерін қойған және кіру үшін ақы алып отырған.

Жекелеген жағдайларда су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, жабдықталған балалар жағажайы мен кезекші медициналық қызметкері, қажетті құралдары мен дәрі-дәрмектері бар алғашқы медициналық көмек көрсету пункті болмаған, – деп хабарлады прокуратурадан.

Тексеріс қорытындысы бойынша табиғат қорғау прокуратурасы уәкілетті органдарға прокурорлық қадағалау актілерін енгізді. Прокуратураның араласуынан кейін Шаңдақсор және Маралды көлдерінің жағажайларына ақылы кіру жойылып, азаматтардың су қоймаларына еркін кіру құқығы қалпына келтірілді. Кінәлі тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.