Павлодар облысының барлық тұрғыны ауыз сумен қамтылды

0
91

Биыл Павлодар облысында 26,2 млрд теңгеге 37 шақырымнан астам жылу желілерін салу, қайта құру және жөндеу жұмыстары жүзеге асты.


Павлодар облысының барлық тұрғыны ауыз сумен қамтылды
ERNUR.KZ. Бұл жұмыстар апаттық жағдайлардың алдын алып, тозу деңгейін барынша төмендетуге және 200 мыңға жуық тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Облыс халқы 100% сапалы ауыз сумен толық қамтылды. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді.

Сондай-ақ өңірде 600 шақырымнан астам республикалық маңызы бар, жергілікті және елді мекендердегі жолдар жөнделді. Оның басым бөлігі - 445 шақырымдық жергілікті жолдар. Облыс орталығында Ертіс өзені арқылы жаңа көпірдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыс көлемі 52%-ға жетті, ал жобаны аяқтау 2027 жылға жоспарлануда.

«Қалалардың жайлылығының басты кепілі – қоғамдық көліктің дамыған жүйесі. Осы бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді, тұрғындар бұны сезінуде. Соңғы екі жылда 268 жаңа автобус сатып алынып, облыстың үш қаласындағы қоғамдық көліктің 90% заманауи, кең әрі ыңғайлы автобустармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар авиациялық қатынасты дамыту мақсатында өткен жылы Павлодар әуежайының ұшып-қону жолағын қайта құру басталды. Өңірдегі теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары аяқталды», – деді әкім.

Аймақта басымдық берілетін маңызды бағыттардың бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы мақсатта 156 әлеуметтік нысанға 5567 бейнекамера орнатылды, олардың 97%-ы Полиция департаментінің Ахуалдық орталығына қосылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымына сәйкес биыл шілде айында облыс орталығында жаңа Азаматтарды қабылдау орталығы іске қосылды.

Жыл басынан бері мұнда 90 мыңнан астам өтініш түсті, оның 70%-дан астамы оң шешімін тауып, қалғаны жұмысқа алынды.