​Отбасы банк “Ұмай“ ипотекасына қатысты техникалық ақауды түсіндірді

0
128

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде онлайн өтінім беру кезіндегі іркіліске шағымданып жатыр.


​Отбасы банк “Ұмай“ ипотекасына қатысты техникалық ақауды түсіндірді

Фото: depositphotos.com

ERNUR.KZ. 31 тамызда Қазақстанда "Ұмай" әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталды. Алайда жүйе жылдық 14,8 пайызбен ипотека алғысы келетіндер ағынына дайын болмай шықты6 деп жазады tengrinews.kz.
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде онлайн өтінім беру кезіндегі іркіліске шағымданып жатыр.
"Адамдар дайындалып, ақша жинап, бағдарламаның іске қосылуын күтеді, ал соңында кезек жылжымайды, жүйе шығарып жібере береді", - деп жазды Threads қолданушыларының бірі.
Отбасы банк өтінім берушілердің тым көптігіне байланысты техникалық ақау болғанын растады.

"Туындаған уақытша техникалық іркіліс түсіп жатқан өтінімнің көптігімен байланысты. Біздің мамандар клиенттерге сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, туындаған мәселелерді жедел шешу, қажет ақпарат пен кеңесті ұсыну үшін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр", - деп жауап берді Отбасы банк өкілдері жазбаға.

Банктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында бұған дейін адам ағыны көп екені ескертілген.
"Ұмай" бағдарламасына келіп түскен өтінім санының көп болуына байланысты өтінімдер кезек тәртібімен өңделіп жатыр. Жоғары жүктемеге байланысты өтінімді өңдеу әдеттегіден ұзағырақ уақыт алуы мүмкін", - деп ескертті банк.
Сағат 16:25-те жаңартылды.
Редакция пікір алу үшін банкінің баспасөз қызметіне жүгінді. Онда алғашқы транштың 9 миллиард теңге көлеміндегі лимиті сағат 16:00-де (жеті сағат өткен соң) толық игерілгені хабарланды.

"Осыған байланысты жаңа өтінімдерді қабылдау тоқтатылды. Айта кетейік, мақұлданған кредиттік өтінім үш ай бойы жарамды. Қазіргі уақытта "Отбасы банкі" Азия даму банкімен (АДБ) ынтымақтастық аясында келесі траншты мерзімінен бұрын тарту мәселесін пысықтап жатыр", – деп хабарлады "Отбасы банкі".

Жалпы, АДБ-мен жасалған меморандумға сәйкес "Ұмай" бағдарламасы мен "Жасыл ипотеканы" қаржыландыруға барлығы 90 миллиард теңге тарту жоспарланған.
Қазақстанда "Ұмай" ипотекасына өтінім қабылдау 31 тамызда басталды. Бағдарлама шарттары:
мөлшерлеме - жылдық 14,8 пайыз (СЖТМ 16,3-тен 16,8 пайызға дейін);
отбасының максималды табысы - 1 250 000 теңгеден аспауы тиіс;
сатып алынған немесе жөндеу жүргізілетін тұрғын үйде міндетті түрде тұру;
кейінгі алты айдағы төлем қабілеттілігін растау;
ипотеканың максималды сомасы - 50 миллион теңге, жөндеу жұмыстарына - 15 миллион теңге.