Отарда соққыға жығылған сарбаз басқа әскери бөлімге ауыстырылды

0
119

Бұған дейін Отардағы әскери бөлімде болған оқиғадан кейін мерзімді сарбаздың госпитальға түскені хабарланған еді.


Отарда соққыға жығылған сарбаз басқа әскери бөлімге ауыстырылды

ERNUR.KZ. Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, жақ сүйегі сынған мерзімді сарбаз Есбол Қапар емделіп жатқан госпитальдан кейін басқа әскери бөлімде қызметін жалғастырады, деп жазады stan.kz.

Министрліктің хабарлауынша, қатардағы жауынгер Есбол Қапар қазір Гвардейский кентіндегі әскери госпитальда стационарлық ем алып жатыр. Оған қажет медициналық көмек көрсетілмек.

Сонымен қатар ведомство сарбаздың оқиғадан кейін басқа әскери бөлімге ауыстырылғанын хабарлады. Емдеу және оңалту шаралары толық аяқталған соң, ол қызметін сол бөлімде жалғастырады.

"Қорғаныс министрлігі әскери қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осындай жағдайлардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсатта әскери бөлімдердегі бақылау күшейтіліп, тәртіп пен жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайына тұрақты түрде назар аударылған. Сонымен бірге әскери қызметкерлердің құқықтарын қорғау, психологиялық қолдау көрсету және құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары кезең-кезеңімен жетілдіріліп жатыр. Министрлік әскери ортада құқықбұзушылыққа жол бермеу қағидатын қатаң ұстанады, әрбір дерек бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, заң аясында шешім қабылданады", – делінген ресми жауапта.

Бұған дейін Отардағы әскери бөлімде болған оқиғадан кейін мерзімді сарбаздың госпитальға түскені хабарланған еді. Есбол Қапардың соққыға жығылып, жақ сүйегі сынған іс бойынша күдікті анықталған.

Дене күшін қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, үш командир мен олардың бір орынбасары қызметінен босатылды. Заңгердің айтуынша, сарбаздың жақ сүйегін сындырған күдіктіге айыппұл тағайындалуы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысындағы әскери гарнизонда сарбазға күш қолданып, жағын сындырғаны туралы жазған едік. 18 жастағы сарбыз Есбол Қапарды қызметтестері соққыға жыққан көрінеді. Сарбызға екі рет ота жасалып, тіпті екі апта бойы оқшаулауда болған. Жағына темір қапсырмалар салынған сарбаз Отардағы бір пәтерде қамалып ұсталған. Белгілі болғандай, сарбазды ол жерге әскери қызметкерлер апарып, қамап кеткен. Қазір сарбаз Алматыдағы әскери госпитальде ем қабылдап жатыр.

Ал 2026 жылдың қаңтарында Жамбыл облысындағы осы әскери бөлімде сарбаз мылтықпен өзін-өзі атып өлтірген еді. Осы жағдайға байланысты да Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірқатар командирі қызметінен босатылды.