Көкшетауда мектеп маңында жүріп бара жатқан көліктен бала құлап кетті (ВИДЕО)

0
187

​Бала көлік қозғалып келе жатқанда есікті ашып, жолға құлап кеткен.


Көкшетауда мектеп маңында жүріп бара жатқан көліктен бала құлап кетті (ВИДЕО)

видеодан скрин

ERNUR.KZ. Көкшетауда мектептердің бірінің маңында балаға қатысты қауіпті жағдай болды. Полиция ата-аналардың баланы көлікте қауіпсіздік талаптарын бұзып тасымалдағанын анықтады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 5 қазан күні таңғы сағат 8:00 шамасында Көкшетауда Subaru Forester көлігінің жүргізушісі мектепке келген. Алайда ол баланы белгіленбеген жерде түсірмек болған. Көлік қозғалып келе жатқан кезде бала есікті ашып, көліктен құлап кеткен.

Полиция баланың жасына сәйкес оны арнайы балаларды ұстап тұратын құрылғысыз немесе қауіпсіздік белдігіне арналған адаптерсіз тасымалдағанын анықтады.

«Оқиғаға байланысты жүргізуші жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзғаны және тоқтау ережесін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, балаларды тасымалдау ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді», – деп атап өтті ведомство.

Полиция ата-аналар мен жүргізушілерді балаларды тасымалдау кезінде аса мұқият болуға шақырады. Баланы арнайы ұстау құрылғыларын пайдаланып тасымалдау, қауіпсіздік белдігін тағу және оны тек қауіпсіз әрі рұқсат етілген жерде түсіру қажет.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінде қарастырылған жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктері мен мотоцикл дулығаларын пайдалану талаптарын бұзудың 27 мыңнан астам дерегін анықтаған.

Полиция балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау – ересектердің жауапкершілігі әрі баланың өмірі мен денсаулығын сақтаудың маңызды шарасы екенін еске салды.