БАӘ іздеуде жүрген үш адамды Қазақстанға ұстап берді

0
192

​Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанға қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін халықаралық іздеуде жүрген үш азаматты экстрадициялады.


БАӘ іздеуде жүрген үш адамды Қазақстанға ұстап берді

ERNUR.KZ. Олардың арасында алаяқтық, ауыр дене жарақатын салу, тонау және ұрлық жасады деген күдіктілер бар, деп жазады ulysmedia.kz.

Қазақстан Бас прокуратурасының мәліметінше, бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Асхат Жұмағали бастаған делегация БАӘ-де өткен Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі БҰҰ-ның 15-ші конгресіне қатысқан. Сапар барысында БАӘ Әділет министрі және Бас прокурорымен кездесулер өтіп, қылмысқа қарсы күрес және іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялау мәселелері талқыланған.

Осы уағдаластықтар аясында Бас прокуратура ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі және ІІМ Интерполдың Ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, Қазақстанның БАӘ-дегі Елшілігінің қолдауымен үш азаматты елге қайтарды.

Ұсталғандар кімдер?

Бірінші күдікті 2019-2020 жылдары Астанада халықаралық орталық салуға арналған жер учаскесін алуға көмектесуге уәде берген. Ол сыбайласымен бірге жәбірленушіні алдап, жалпы сомасы 368 мың АҚШ долларын иемденді деген күдікке ілінген.

Екінші азамат денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, тонау және бұзақылық жасағаны үшін халықаралық іздеуде болған. Тергеу мәліметінше, ол 2021 жылы Алматыда бір топ адаммен бірге жәбірленушіге шабуыл жасап, оған ауыр дене жарақатын салған. Сондай-ақ жалпы құны 100 мың теңгеден асатын мүлкін ашық түрде иемденген.

Үшінші күдікті биыл жазда Астанада Қытай азаматының 24 200 АҚШ долларын ұрлады деген күдікке ілінген. Бұл сома аса ірі мөлшердегі ұрлық ретінде сараланады.

Үш азамат та қылмыс жасағаннан кейін Қазақстандағы қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. Кейін олардың БАӘ аумағында жүргені анықталған.

Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша күдіктілер елге экстрадицияланды. Қазір үшеуі де тергеу изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары қайта басталды.