Отандық курсанттар дрондарға қарсы технологияны әзірледі

0
83

Болашақ офицерлер заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы өзекті міндеттерді шешуге бағытталған инженерлік жобаларды да әзірлеумен айналысады.


Отандық курсанттар дрондарға қарсы технологияны әзірледі

Фото: Қорғаныс министрлігі

ERNUR.KZ. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында кәсіби әскери даярлықпен қатар курсанттардың ғылыми-зерттеу және жобалау қызметіне ерекше көңіл бөлінеді, деп жазады inform.kz.

Болашақ офицерлер заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы өзекті міндеттерді шешуге бағытталған инженерлік жобаларды да әзірлеумен айналысады.

Осындай жобалардың бірі — 3-курс курсанты Шыңғысхан Шынтемировтың әзірлемесі. Ол басқару және байланыс арналарын басуға, радиоэлектрондық кедергілер жасауға, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы әрекет етуге арналған шағын көлемді радиоэлектрондық ықпал ету құрылғысын ойлап тапты. Бұл құрылғы Wi-Fi желілерінің жұмысын бұғаттай алады және арнайы міндеттерді орындау барысында қолдануға мүмкіндік береді.

Тағы бір инновациялық жобаны курсант Василий Копильцев ұсынып отыр. Оның әзірлеген Under Car Vision құрылғысы автокөліктердің астыңғы бөлігін тексеруге арналған. Жүйе ауа райының кез келген жағдайында сапалы визуалды бақылауды қамтамасыз ететін қасиетке ие. Құрылғы электр желісінен де, аккумулятордан да қуат алады. Бұл оны тұрақты бақылау бекеттерінде де, көшпелі тексерулер кезінде де тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

— Бүгінде инженер тек қолданыстағы технологияларды меңгеріп қана қоймай, нақты міндеттерге сай жаңа шешімдер әзірлей білуі қажет. Сондықтан біз курсанттарды алғашқы курстан бастап ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарына тартамыз. Өз жобаларымен жұмыс істеу олардың инженерлік ойлау қабілетін дамытып, талдау жасауға, тәжірибе жүргізуге және тың шешімдер табуға үйретеді. Дәл осындай құзыреттер болашақ офицерлердің кәсіби дамуының негізін қалыптастырып, қазіргі қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлерге тиімді жауап беруге мүмкіндік береді, — деді Радиоэлектрондық барлау және радиоэлектрондық күрес кафедрасының аға оқытушысы, жоба жетекшісі подполковник Александр Кушнарев.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында курсанттардың ғылыми әлеуетін дамыту — даярлықтың басым бағыттарының бірі. Инженерлік жобалармен айналысу болашақ офицерлерге теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға, конструкторлық дағдыларын жетілдіруге және қазіргі заман талаптарына сай тиімді шешімдер әзірлеуге жол ашады.

Курсанттардың ғылыми әзірлемелері салалық көрмелерде, байқауларда және ғылыми-практикалық конференцияларда тұрақты түрде таныстырылып келеді. Бұл болашақ әскери инженерлердің жоғары деңгейдегі даярлығын және олардың ғылыми-инновациялық әлеуетін айқын көрсетеді.