Алматыда «Яндекс» курьері 3 млн теңгенің техникасын қолды қылған

0
139

Тапсырысты алып кеткен курьер оны мекенжайға жеткізбестен, телефонын өшіріп, байланысқа шықпаған.


Алматыда «Яндекс» курьері 3 млн теңгенің техникасын қолды қылған

Фото: halyqstan


ERNUR.KZ. Алматыда техника сатушылары Яндекс курьері шамамен 3 миллион теңгенің Apple өнімдерін қолды қылғанын хабарлады. Тапсырысты алып кеткен курьер оны мекенжайға жеткізбестен, телефонын өшіріп, байланысқа шықпаған, деп жазадв Azattyq Rýhy.

Сатушылардың айтуынша, оқиға 28 қыркүйекте болған. Олар мопедпен келген Yandex курьері арқылы сатып алушыға iPhone 17 Pro Max-тың 1 ТБ және 512 ГБ нұсқаларын, сондай-ақ Apple Watch смарт-сағаты мен AirPods Pro құлаққабын беріп жіберген.

Көп ұзамай мобильді қосымшада тапсырыс мәртебесі «Жеткізілді» деп өзгерген. Алайда тауарды күткен тапсырыс беруші ештеңе алмағанын айтқан, ал курьер телефонын сөндіріп тастаған.

Сатушылар ұрланған гаджеттерді IMEI-код арқылы тексергенде, құрылғылардың қазірдің өзінде белсендірілгенін (активациядан өткенін) көрген. Күдікті техниканы сатып, елден өтіп кетуі мүмкін деген болжам бар.

Зардап шеккен тарап оқиға болған күні кешке полицияға арызданған.

«Яндекс» компаниясы бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Компания өкілдерінің айтуынша, сатушыларға курьердің жеке деректері «Жеке деректер туралы» заңға сәйкес берілмеген, бұл ақпарат тек құқық қорғау органдарының ресми сұранысы бойынша ұсынылады. Қазір компания жағдайды анықтап, келтірілген шығынды 100% өтеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Ережеге сәйкес, Қазақстанда Яндекс арқылы жеткізілетін барлық тапсырыстар 3 миллион теңгеге дейінгі сомаға сақтандырылған.