Оралда азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды

0
734

Көп ұзамай тәртіп сақшылары күдіктінің қалың шөптің арасында жасырынып жатқанын байқап қалған.


Оралда азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды

Sputnik / Тимур Батыршин

ERNUR.KZ. Орал қаласында азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды, деп жазады sputnik.kz.
30 шілде күні сағат 15:40-та полицияның "102" арнасына Орал қаласындағы дүкендердің бірінде белгісіз ер адамның бетперде киіп, сатушыны пышақпен қорқытып, кассадағы қолма-қол ақшаны алып кеткені туралы хабарлама түскен.


"Ақпарат бойынша оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары дүкен мен оған іргелес аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбаларын жедел зерделеп, күдіктінің фотокескінін әзірледі. Бірнеше минуттың ішінде барлық наряд пен қызметтерге бағдар беріліп, аумақ толық қоршауға алынды", - деп жазылған хабарламада.
Тәртіп сақшылары күдіктінің алысқа ұзап үлгермегенін есептеп, іздеуді жақын маңнан бастаған.
Көп ұзамай тәртіп сақшылары күдіктінің қалың шөптің арасында жасырынып жатқанын байқап қалған. Алайда ол қолындағы пышақпен полиция қызметкерлеріне тап берген.
Арнайы әдістерді қолданған тәртіп сақшылары қарулы шабуылдаушыны санаулы сәттер ішінде құрықтаған.
"Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Ұсталған азаматтың 29 жаста екені анықталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді полицияда.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, сонымен қатар күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.