Олжас Бектенов ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты

0
148

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Душанбе қаласында (Тәжікстан) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше елдер үкіметтері басшыларының кеңесінің отырысына қатысты.


Олжас Бектенов ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты

ERNUR.KZ. Шағын және кеңейтілген құрамда сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, ауыр және жеңіл өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимыл, авиациялық қатынас, атап айтқанда, мүше мемлекеттердің әуе қозғалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Отырысқа Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадов, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы — Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-министрі — ТМД ұйымына мүше елдер үкіметтері басшылары кеңесінің төрағасы Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурад Гельдымурадов, сондай-ақ ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Кеңес жұмысы аясында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның ТМД ұйымына мүше елдер делегацияларының басшыларымен ұжымдық кездесуі өтті.

ҮБК отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанның ұйымды одан әрі дамытуға әрі оның әлеуетін нығайтуға жәрдемдесуге ниетті екенін атап өтті.

«Ынтымақтастықтың қалыптасқан тетіктерінің, елдер көшбасшыларының саяси ерік-жігері мен үкіметтерінің күш-жігері нәтижесінде ТМД кеңістігінде орнықты даму мен дәйекті экономикалық өсу қамтамасыз етілуде. Бұған өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерінің жалпы ЖІӨ көлемінің 4,5%-ға артуы дәлел. Өзара сауда-саттық тұрақтыі өсуде. Өткен жылы Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы 1,2%-ға өсіп, $37,3 млрд-қа жетті. Бұл көрсеткіштер экономикалық байланыстардың тұрақтылығын ғана емес, сонымен қатар біздің экономикаларымыз арасындағы өзара толықтырудың жоғары деңгейін көрсетеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан Премьер-министрі экономиканың келешегі зор салаларында бірқатар бастама көтерді.

Жиында электронды сауда саласындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Қазақстанда өткен жылы e-commerce көлемі $6,2 млрд-ты құрады. ТМД-да электронды сауда әлеуетін толыққанды іске асыру үшін инфрақұрылымдық базаны дамыту, бизнесті қолдау, тұтыну құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және тағы басқа бойынша шаралар түріндегі кешенді тәсілдің қажеттігі атап өтілді. Бұл шетелдік серіктестермен экономикалық ынтымақтастықты нығайтады және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Көлік-транзиттік инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан аумағында іске асырылатын аса маңызды жобалар атап өтілді. Бұл 2027 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін екі есеге арттыруға, Транскаспий халықаралық көлік бағыты негізгі буыны ретінде Трансқазақстандық теміржол дәлізін кеңейтуге, Астананы еліміздің батыс өңірлерімен және халықаралық бағыттармен байланыстыратын «Орталық – Батыс» күре жолын салуға бағытталған «Солтүстік – Оңтүстік» шығыс бағытын дамыту жөніндегі кешенді жол картасы. Аталған жобалар Қазақстан Президентінің ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын қалыптастыру жөніндегі бастамасын іске асыруда маңызды элементтер саналады.

Елдердің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын стратегиялық сала – ауыр машина жасау. Қазақстанның ТМД елдерінің серіктестерімен ынтымақтастығын дамыту келешегі атап өтілді. Жеңіл өнеркәсіп саласында кооперацияны тереңдету, бірлескен өндірістік жобалар мен кластерлерді қолдау маңызды.

Цифрлық саладағы озық шешімдермен тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылуда. Қазақстанда құрылып жатқан Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік басқару, өнеркәсіп және тағы басқа салаларға ЖИ енгізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттердің уәкілетті құрылымдарының киберқауіпсіздік және трансұлттық сипаттағы алаяқтық әрекеттермен күрес саласындағы өзара іс-қимылын жандандыру қажеттігі атап өтілді.

Отырыста ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Тәжікстанның өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрі Шерали Кабир, Мемлекетаралық авиация комитетінің төрағасы Олег Сторчева, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов баяндама жасады.

Отырыс соңында ТМД мемлекеттері арасындағы ауыр машина жасау салаларын дамытудағы ынтымақтастық туралы келісім; Жеңіл өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасы; ТМД елдерінің әуе қозғалысын ұйымдастырудың ұлттық жүйелерін үйлестіру тұжырымдамасы, Халықтың денсаулығын сақтау саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасы сияқты және басқа да бірқатар құжатқа қол қойылды.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше елдер үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы 2025 жылдың қыркүйек айында Минскіде өтеді.