Әділет министрлігі іске асырып жатқан «Е-Заңнама» жобасы бірыңғай жүйеде заң шығарудың барлық процесін біріктіру үшін әзірленді.
ERNUR.KZ. Бұл – нормашығармашылықты цифрландыру саласындағы флагмандық жобалардың бірі. Қазір заң жобасының бүкіл өмірлік циклін қамтитын функционал толығымен іске асырылады. Яғни, мұнда әзірлеуші бастамашылық еткен сәттен бастап Мемлекет басшысының қол қоюына дейін процестер қамтылған. Бұл НҚА-ны дайындау мен келісудің сандық үдерісін қамтамасыз етуге барлық кезеңнің ашықтығы мен есептігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Оның айтуынша, қазір заңға тәуелді актілер бойынша функционалдылықты кеңейту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бұл нормашығармашылықтың цифрлық экожүйесін дамытудың келесі маңызды кезеңі болмақ.
«Е-Заңнаманы» енгізудің негізгі тиімді тұстарына мыналар жатады: түзетулер мен келісулер тарихын қоса алғанда, НҚА-ның толық цифрлық мәліметтер жинағын қалыптастыру, институционалдық есте сақтау, процеске қатысушыларға тиетін бюрократиялық жүктемені айтарлықтай төмендету», – деді спикер.
Әділет органдары іске асыратын цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллектті қолдану. Ведомствоның Adilet.kz сайтында 24/7 режимінде құқықтық кеңесші жұмыс істейді. Ол азаматтарға құқықтық мәселелердің кең ауқымы бойынша кеңес береді. Осылайша, заңнаманы түсіндіру бойынша мемлекеттік органдарға жүктемені азайтады.
Келесі кезең НҚА-ны әзірлеушілерге сараптамалық қолдау көрсететін смарт-ассистентті енгізу болады. Оның функционалдарына мыналар жатады: НҚА-ға өзгерістер енгізу бойынша ұсынымдарды автоматты түрде жасау, қолданыстағы заңнамада қайталанатын және қайшы нормаларды анықтау, актілер жобаларындағы сыбайлас жемқорлық факторларын талдау, жаңа нормаларды басқа құжаттардағы ұқсас ережелермен салыстыру.