​Негізгі ҰБТ: талапкерлердің 70% шекті балл жинады

0
102

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға 216 мың талапкер өтініш берді.


​Негізгі ҰБТ: талапкерлердің 70% шекті балл жинады

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің кезекті нәтижесін жариялады, деп жазады inform.kz.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, биыл 16 мамырда негізгі ҰБТ басталғалы 214 мыңға жуық тестілеу өтті. Талапкерлердің 74%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде және 182 түлек ағылшын тілінде тапсырды.

Төрт аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 66-ны құрады. Ең жоғары нәтиже — 140 балл — Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібекке бұйырды.
Талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда, 18%-ы «Математика-Физика», 15%-ы «Биология-Химия» пәндерін және 14%-ы шығармашылық емтиханды таңдады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар 592 талапкер ҰБТ-да бағын сынады.
— Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептен апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттен қарауға мүмкіндігі бар. Негізгі ҰБТ басталғалы төрт аптада 304 ереже бұзушылық анықталды. 146 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 157 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Сондай-ақ 1 талапкердің сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды. Бөгде адамның кіру фактісі анықталған жоқ, — делінген хабарламада.
Еске салайық, биылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Айта кетсек, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға 216 мың талапкер өтініш берді.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің бұған дейінгі кезеңінде 142 ереже бұзушылық анықталғаны туралы жазған едік.