Назгүл мен Құндыз оқиғасы: Жамбылда балалар мен мүгедек қызды азаптаған қамқоршы қамалды

0
115

Қылмыстық баптар бойынша Түленова төрттен жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Назгүл мен Құндыз оқиғасы: Жамбылда балалар мен мүгедек қызды азаптаған қамқоршы қамалды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының полиция департаменті Зульфия Түленова бақылауында болған балалар мен мүгедек қызға қатысты азаптау фактісі бойынша жаңа мәліметтерді жариялады. Полицияның хабарлауынша, әйел уақытша ұстау изоляторына жеткізілген, деп жазады baq.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлімі (азаптау) және 140-бабының 3-бөлімі (кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндеттерін орындамау, екі немесе одан көп адамға қатысты) бойынша тергеу жұмыстары басталды.

Балалар медициналық қызметкерлердің қарауынан өткізілді және арнайы балалар мекемесіне орналастырылды. Тағы екі ересек қамқорлықтағы тұлға – Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жіберілді. Қамқоршы күдіктінің уақытша ұстау изоляторына жеткізілгені хабарланды. Тергеу барысында барлық жағдай толық, жан-жақты және объективті зерттеліп, нәтижесінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалды шешім қабылданады, – деп хабарлады полиция.

Естеріңізге салсақ, кеше белгілі болғандай, мемлекет ұзақ жылдар бойы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мен мүгедектерге қамқоршы ретінде сенім артып келген Зульфия Түленова физикалық күш қолданғаны үшін айыпталуда. Әлеуметтік желіде оның кіші қызды шашынан сүйреп, баланы бұрышқа тығып соққан видеолары пайда болды.

Қылмыстық баптар бойынша Түленова төрттен жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.