“Педагог мәртебесі туралы” заңның аясында мұғалімдердің айлығы көтерілді.
ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдердің айлығына қатысты мәселеге жауап берді, деп жазады baq.kz.
“Педагог мәртебесі туралы” заңның аясында мұғалімдердің айлығы көтерілді. Бірақ қазір күн сайын, ай сайын, жыл сайын барлығы қымбаттап жатыр. Алдағы уақытта мұғалімдердің айлығын тағы көтеру жоспарда бар ма? – деп сұрады редакциямыз миннистрден Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Қаржыға қатысты мәселелердің бәрі үлкен ұзақ талқылауларды және ұзақ шешімді қажет ететіндігі және оған көптеген мемлекеттік мекеменің де келісім беру қажет екендігін атап өткім келеді. Министрліктің ниеті бұл бағытта түсінікті және біз мұғалімдердің жағында екенін жиі айтамыз. Мен ұстаз ретінде мұғалімнің еңбегін қалай бағаласаңыз да, ол өзіне сай келеді деп айтқым келеді. Өйткені таза, шынайы жұмыс істеп жатқан ұстаздардың еңбегі ұшан теңіз. Әсіресе бүгінгі күндері, - деді Ғани Бейсембаев.
Министр біз бүгінгі таңда мұғалімдердің жалақысы екі есе көтерілгенін еске сал кетті.
Басқа мамандарға қарағанда ұстаздардың айлығы екі есе көтерілді. Сондықтан енді біз ұстаздар сапаны қалай көтереміз деп ойланып жатырмыз. Енді сапаны көтеріп көрсетуіміз керек. Сапаны жеткілікті деңгейге көтерген кезде, бұл (жалақыны көтеру – ред.) мәселеге оралуы қажет деп ойлаймын, - деп түсіндірді бас ұстаз кулуарда.
Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің жалақысы соңғы 5 жылда қалай өзгергені туралы ақпарат жариялаған болатын.
Жалақы өсімі:
- 2020 жылдан бері Президенттің тапсырмасына сәйкес педагогтердің жалақысы 100%-ға артты.
- 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға көтерілді.
- Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30-35% көлемінде үстемеақы қосылды.
Үстемеақы мөлшері:
"Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жалақысы олардың біліктілігіне, еңбек өтіліне және қосымша жүктемелеріне байланысты есептеледі.
- Педагог-шебер – 50%
- Педагог-зерттеуші – 40%
- Педагог-сарапшы – 35%
- Педагог-модератор – 30%
Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі мұғалімдердің жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда кемінде 25%-ға жоғары.
2024 жылғы көрсеткіштер:
- 1 мөлшерлеме (16 сағат) бойынша орташа жалақы – 352 мың теңге,
- Ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңге,
- 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс істейтін педагогтердің орташа табысы 581 мың теңгеге жетті.