Меншік құқығы – Конституциялық кепілдік және халық игілігі

0
325

2026 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.


Меншік құқығы – Конституциялық кепілдік және халық игілігі

ERNUR.KZ. Бұл бастама саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформаның бір бөлігі болып табылады. Реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі ұсынысынан бастау алып, кең қоғамдық талқылау арқылы пысықталды. Арнайы жұмыс тобы құрылып, азаматтар e-Otinish және eGov порталдары арқылы өз ұсыныстарын жолдады. Екі мыңнан астам ұсыныс қаралып, жүйеленді.

Жаңа Конституция жобасында меншік құқығы мәселесіне ерекше мән беріледі. Негізгі қағида айқын: Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады. Бұл норма экономикалық тұрақтылықтың, инвестициялық сенімнің және кәсіпкерлік еркіндіктің берік құқықтық негізін қалыптастырады.
Сонымен бірге, меншік құқығы абсолютті сипатқа ие емес. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай жүзеге асырылуға тиіс. Қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтау, басқа тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеу – меншік иесінің конституциялық міндеті. Меншік субъектілері мен объектілері, құқықтардың көлемі мен шегі заңмен нақты айқындалады. Бұл тәсіл құқықтық айқындық пен тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп бекітіледі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Сонымен қатар, жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте болуы мүмкін. Бұл норма ұлттық байлықты қорғау мен экономикалық айналымды үйлестіруге бағытталған.
Осылайша, жаңа Конституция жобасы меншік құқығын тек экономикалық институт ретінде емес, қоғамдық жауапкершілікпен ұштасқан конституциялық құндылық ретінде бекітеді. Негізгі акцент – меншікке кепілдік беру мен оны әділ, заңды әрі қоғам мүддесіне сай пайдалану қағидаттарының үйлесімінде.