Мемлекеттік қолдаудың арқасында ұстаздық жастар тарапынан жоғары сұраныс пен бәсекеге ие беделді мамандықтардың біріне айналды

0
84

Қазіргі таңда еліміздегі барлық білім беру ұйымында 600 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.


Мемлекеттік қолдаудың арқасында ұстаздық жастар тарапынан жоғары сұраныс пен бәсекеге ие беделді мамандықтардың біріне айналды

ERNUR.KZ. Олардың 8 мыңнан астамы орта білім беру ұйымдарында қызмет атқарады. Сапалық құрамы бойынша 85%-ы жоғары білімді, 9%-ы – жоғары білімнен кейінгі, 6%-ы – техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар. Педагогтердің саны мен сапалық құрамын арттыру, жас мамандарды тарту мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар жүйелі шара қабылдануда. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев ОКҚ брифингінде осы шаралар жайында баяндады.

Оның айтуынша, соңғы төрт жылда жоғары білімді педагог кадрларды даярлауға 65 мыңға жуық грант бөлінген.

«Педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы 58 мыңнан 84 мың теңгеге дейін көтерілді. Оған қоса, соңғы жылдары педагогика мамандығына «Алтын белгі» иегерлерінің көптеп түсуі байқалып отыр. 2023 жылы – 1528, 2024 жылы – 1797, 2025 жылы 2080 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл мұғалімдікке келуші жастардың сапалық құрамының артып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ұстаздық бүгінгі күнде жастар тарапынан жоғары сұраныс пен бәсекеге ие беделді мамандықтардың біріне айналып отыр. Жас педагогтерді қолдау мақсатында министрлік тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізіп, осы жылдан бастап ЖОО-ны жақсы нәтижемен аяқтаған түлектер мектептерге конкурссыз қабылданады», – деді спикер.

Педагог кадрмен қоса, кәсіби білікті мектеп басшыларының резервін қалыптастыруға да зор мән берілуде. 2023 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылуда. Президенттік жастар кадрлық резерві үлгісінде жүргізілетін жобаның мақсаты – білім беру жүйесін жаңғыртуға, басқару тиімділігін арттыруға және оң өзгерістерді жүзеге асыруға қабілетті жаңа буын көшбасшыларын даярлау.

Жоба халықаралық тәжірибе негізінде дайындалып, іріктеуден өткен педагогтер мен мектеп директорларының орынбасарлары үш деңгей бойынша оқытылды. Жобаны сәтті аяқтап, кадрлық резервке енген қатысушылар бос басшылық лауазымдарға конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ тағайындалу құқығына ие болды. Үш жылда жалпы саны 986 маман кадрлық резервке алынды. Оның ішінде 2023-2024 жылдары 583 педагог резервист атанып, олардың 419-ы немесе 71%-ы лауазымдарға тағайындалған. Соның ішінде 41 директор «Келешек мектептерін» басқаруда. Осылайша, Қазақстандағы мектеп директорларының тапшылығы үш есе қысқарды. Ал, биыл 403 педагог республикалық кадр резервіне қабылданды.