Өтемақы алу үшін төрт түлікті сақтандыру міндет.
Фото: eldala.kz
ERNUR.KZ. Агросақтандыру бағдарламасы аясында сақтандыру сомасының 80 пайызын мемлекет береді, деп жазады inbusiness.kz.
Биыл осы бағдарлама шеңберінде шаруаларға 5 млрд теңгеден астам өтемақы төленді. Елде аграрлық сақтандыруға сұраныс өсіп келеді. Егер алты жыл бұрын бұл қызметті 65 тауар өндіруші қолданса, биыл олардың саны 4 есе көбейіп, 300-ге жуықтады.
Сақтандыру екі бағытта жүреді. Алғашқысы – егіншілік, екіншісі – мал шаруашылығы. Диқандар егінін жаздағы қуаңшылық пен орақ кезіндегі жауыннан қорғау үшін жүгінеді. Мұнда сақтандыру сомасының 80 пайызын мемлекет төлейді.
Ал мал шаруашылығында сақтандыруды табиғат апаттары, түрлі кеселдермен қатар, ұрлыққа да қатысты қолдануға болады. Бұл жерде өтемақы белгіленген нормативке сай төленеді.
– Бір малдың басы 500 мың теңге тұрады деп есептесек, 10 мал басын сақтандыратын болсаңыз, сәйкесінше, сақтандыру сомасы 5 млн теңге болады. 80 пайызы мемлекет тарапынан төленеді, қалған 20 пайызын шаруа өз қалтасынан төлейді.
Егер де сіздің малыңыз бір жағдайларға ұшырап, ауырып, болмаса ұрлап кеткен жағдай болған кезде бұл соманың 98 пайызына шейін өтемақы ретінде фермерлерге қайтарылатын болады, – деп мәлімдеді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ жиынтық есептілік бөлімінің басшысы Сапарғали Қосымов.


