Мемлекет халықаралық олимпиада қатысушыларына ғана емес, олардың педагогтеріне де қолдау көрсетеді

0
116

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен білім беру саласын дамытуға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылуда.


Мемлекет халықаралық олимпиада қатысушыларына ғана емес, олардың педагогтеріне де қолдау көрсетеді
ERNUR.KZ. Бүгінде Қазақстан халықаралық олимпиада жеңімпаздарын мемлекеттік деңгейде ынталандыратын санаулы елдердің бірі. 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге біржолғы ақшалай сыйақылар төленіп келеді. Атап айтқанда, алтын медаль иегерлеріне - 1500 АЕК-ке дейін; күміс медаль иегерлеріне - 1000 АЕК-ке дейін; қола медаль иегерлеріне - 500 АЕК-ке дейін сыйақы беріледі. Бұны ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде хабарлады.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау тек оқушыларға ғана емес, олардың жетекшілеріне де бағытталған.

«2025 жылы Президент алғаш рет халықаралық жеңімпаздарды дайындаған 24 ұстазға «Құрмет» ордені, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыстады. Сондай-ақ тәлімгерлерге 8,5-тен 26,5 базалық лауазымдық жалақы көлемінде қаржылай сыйақы берілді. 2025 жылы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды даярлаған педагогтерге жалпы сомасы 101 млн астам теңге көлемінде біржолғы мемлекеттік сыйақы төленді», – деді спикер.

Халықаралық олимпиада жеңімпаздары еліміздің жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға мүмкіндік алды. Ал 2025 жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарына «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша білім алу мүмкіндігі берілді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге де мемлекеттік біржолғы ақшалай сыйақы төлеу тетігі енгізілді.

Қазақстандық оқушылардың Халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне тоқталатын болсақ, оқушылар математика, информатика, физика, химия, биология, география және басқа да пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларда жыл сайын 100 пайыздық нәтижелер көрсетіп келеді.

2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, нәтижесінде 1 059 медаль және 57 арнайы марапат иеленсе, оның 201-і алтын, 351-і күміс, 507 қола медаль. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда марапаттар санының 96%-ға артқанын көрсетеді.

Ағымдағы жылы әлемдегі ең беделді жеті халықаралық пәндік олимпиаданың төртеуіне қатысқан қазақстандық оқушылар осы төрт олимпиаданың барлығынан жеңімпаз атанып 19 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 6 алтын, 9 күміс және 4 қола медаль бар. Ұлттық құрама қыркүйек айына дейін география (IGeO), информатика (IOI) және лингвистика (IOL) пәндері бойынша тағы үш ірі халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайды.