Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваны қабылдады

0
106

Мемлекет басшысына жаңа білім, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру, дәстүрлі өнерді қолдау мен білікті маман даярлау бағыттарында еліміздің мәдени инфрақұрылымын жандандыру жөніндегі ұсыныстар айтылды.


Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваны қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясат салаларында жаңа Конституция ережелерін жүзеге асыру барысы, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасын көтеруді көздейтін мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары баяндалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вице-премьер заңнаманы жаңа Ата заңға сәйкестендіру, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру, цифрлық кеңістікті ілгерілету, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ отбасы және жастар саясаты, волонтерлік қызмет пен қоғамдық бақылау салаларында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысына жаңа білім, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру, дәстүрлі өнерді қолдау мен білікті маман даярлау бағыттарында еліміздің мәдени инфрақұрылымын жандандыру жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Аида Балаева білім, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларын өркендету жайында әңгімеледі. Ведомствоаралық ықпалдастықты күшейтуге, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, адами капиталды дамытуға, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және әлеуметтік сала инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Президент мәдениет, ақпараттық саясат, оқу-ағарту, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау сияқты маңызды салалардағы Үкіметтің атқарған жұмысы туралы Премьер-министр орынбасарының ақпаратын оң бағалады.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы өзекті әлеуметтік мәселелерді жедел шешу үшін тиісті ведомстволар жұмысын одан әрі жандандыру қажет екеніне назар аударды.